Жаңалықтар

Кредитсіз үйленудің оралдық үлгісі

Үйлену үшін міндетті түрде қомақты несие алып, жүздеген адамға дүркіретіп той жасау керек деген түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Орал қаласындағы жас жұптың таңдауы соның бір мысалы. Олар қарызға батпай, жақындарын ғана жинап, неке қию рәсімін шағын форматта өткізген. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі хабарлайды.  

 

Бұл тәжірибесімен қалыңдық Threads желісінде бөлісіп, жас жұбайларға үлкен той үшін міндетті түрде несие алудың қажеті жоқ екенін көрсетті. Жазбаға пікір қалдырғандар да жастардың бұл шешімін қолдап, «қарызға батпай, мүмкіндігіңе қарай той жасаудың жақсы үлгісі» деп бағалаған.

Бір күндік дүркіреткен тойдың орнына, жас жұп бар-жоғы 210 мың теңгеге бүкіл мерекесін ұйымдастырған. Бұл сомаға қалыңдықтың көйлегі де, күйеу жігіттің костюмі де, неке қию рәсімі мен фотографтың қызметі де кірген.

Фото: Threads желісінен

Қазақ қоғамында үйлену тойы көбіне үлкен дайындықты, қомақты қаржыны және бірнеше айға, тіпті жылдарға созылатын жинақты талап ететін маңызды шара ретінде қабылданады. Алайда соңғы уақытта жас жұбайлардың арасында «барымызды бір күндік тойға жұмсамай, жаңа өмірімізді қарызсыз бастайық» деген ұстаным да кең тарай бастаған.

Оралдық жұп дәл осындай жолды таңдаған. Олар аста-төк той жасаудың орнына, ең жақын адамдарын — ата-аналары мен жастар жағын жинап, шамамен 50 адамға арналған шағын неке қию рәсімін ұйымдастырған.

Неке қию рәсімі «Бақыт мекені» залында өткен. Мұнда арнайы шағын фуршет ұйымдастырылып, келген қонақтарға дастархан жайылған. Бұл шараға жұмсалған негізгі қаражат — 125 мың теңге. Жалпы бюджетті үнемдеуге жас жұптың әр шығынды алдын ала ойластырып, қажетсіз дүниелерден бас тартуы әсер еткен. Мәселен, қалыңдықтың той көйлегі небәрі 19 мың теңгеге түскен. Көйлек арнайы Қытайдың Pinduoduo платформасы арқылы тапсырыс берілген. Күйеу жігіттің костюмі де сол жерден алынып, оған 13 мың теңге жұмсалған.

Фото: Threads желісінен

Қалыңдықтың образына да артық шығын шығарылмаған. Шаш үлгісіне 9 мың теңге төленсе, макияжын өзі жасаған. Қолындағы гүлі де аса қымбат болмаған — тірі лизиантус гүлдерінен жасалған шағын гүл шоғына 4 мың теңге кеткен.

Ал неке қию рәсімін өткізген маманның қызмет ақысы 20 мың теңге болған. Естелік кадрларды сақтау үшін фотограф шақырылып, оның еңбегіне тағы 20 мың теңге төленген.

Осылайша жас жұптың өз есебі бойынша, киім, гүл, шаш үлгісі, фотограф, неке қиюшының қызметі және шағын мерекелік дастарханды қоса есептегендегі жалпы шығын 210 мың теңгені құраған.