18,45 млрд теңге ауыз суға: Алматы облысы 100%-ға қашан жетеді?
Алматы облысында ауылдардың 99,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Алайда үш елді мекендегі 87 тұрғын әлі де жеке ұңғымаларға тәуелді. Әкімдік 2026 жылы сумен жабдықтауға 18,45 млрд теңге бөлінетінін хабарлады. Бұл туралы Newsroom.kz редакциясының сауалына Алматы облысының әкімдігі жауап берді.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгінде облыстық маңызы бар Алатау және Қонаев қалалары, сондай-ақ аудандық маңызы бар Қаскелең, Есік және Талғар қалалары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтылған. Ал ауылдық жерлердегі жағдай сәл өзгеше. Облыстағы 368 ауылдың 365-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл — 99,1 пайыз. Сырттай қарағанда көрсеткіш өте жоғары. Алайда қалған үш ауылдың тұрғындары әзірге орталықтандырылған жүйені емес, жеке ұңғымаларды пайдаланады.
Олар — Қызылжар, Шолақ және Ақдала ауылдары. Әкімдік берген мәлімет бойынша:
Қызылжарда — 51 адам;
Шолақта — 16 адам;
Ақдалада — 20 адам.
Яғни облыс 100 пайыздық көрсеткішке жету үшін статистикадағы небәрі 0,9 пайызды ғана толықтыруы керек. Бірақ бұл 0,9 пайыздың ішінде су жүйесіне қосылмаған үш елді мекен бар.
2026 жылы Алматы облысында сумен жабдықтау саласында 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Әкімдіктің Newsroom.kz сауалына берген жауабына сәйкес, оның:
16,2 млрд теңгесі — 2025 жылдан өтпелі 21 жобаға;
2,25 млрд теңгесі — 2026 жылы басталатын 5 жаңа жобаға қарастырылған.
Осылайша, биыл сумен жабдықтау саласына жалпы 18,45 млрд теңге бағытталмақ. Әкімдіктің редакцияға берген жауабында бұл үш ауыл бойынша жеке-жеке жоба, құрылыс мерзімі немесе 100 пайыздық қамтуға жетудің нақты датасы көрсетілмеген. Сондықтан 18,45 млрд теңге бөлінуі автоматты түрде қалған 87 тұрғын биыл орталықтандырылған ауыз суға қосылады дегенді білдірмейді.
Қызылжар, Шолақ және Ақдаладағы тұрғындардың жеке ұңғымаларды пайдалануы орталықтандырылған жүйе жоқ екенін көрсетеді. Ұңғыма арқылы су алу ауылдық жерлерде кең таралған тәсіл болғанымен, оның жағдайы әр елді мекенде әртүрлі болуы мүмкін. Ал орталықтандырылған жүйенің негізгі артықшылығы — суды бір жүйе арқылы беріп, оның сапасы мен тұрақтылығын бақылау мүмкіндігі. Сондықтан облыстағы ауыз су мәселесін бағалағанда «ауылдардың 99,1 пайызы қамтылды» деген көрсеткішпен шектелу жеткіліксіз.