Каспийдің тағдыры алаңдатады: Қазақстан жаңа шараларға кірісті
Қазақстан Каспий теңізінің өзгеріп жатқан жағдайын бақылауды күшейтті. Теңіз мониторингіне 1,1 млрд теңге бөлініп, биыл акваторияда 50, жағалау аймағында 26 параметр бойынша зерттеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар Каспий маңы мемлекеттерімен экожүйені сақтау жөніндегі ортақ шараларды әзірлеумен қатар жүріп жатыр. Бұл туралы Newsroom.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап хабарлайды
Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспийді кешенді зерттеу және сақтау жөніндегі тапсырмалары аясында жүргізіліп жатыр. Негізгі бағыттардың қатарында ғылыми мониторинг, мемлекетаралық ынтымақтастық, экологиялық бастамалар және Каспийдің табиғи ресурстарын қорғау бар.
Қазақстанда Каспийді зерттеудің ұлттық ғылыми базасын қалыптастыруға да басымдық беріліп отыр. Былтыр қыркүйекте Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты жұмысын бастады. Оның материалдық-техникалық базасын күшейтуге Үкімет резервінен 1,1 млрд теңге бөлінді. Қаражат теңіз мониторингіне қажетті жабдықтарды сатып алуға және гидробиологиялық әрі гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыруға жұмсалды.
Ғылыми бағдарлама аясында биыл Каспий акваториясындағы 50 параметр бойынша – метеорологиялық, гидрологиялық, гидрохимиялық және биологиялық көрсеткіштер, сондай-ақ теңіз түбіндегі шөгінділердің жағдайы зерттеледі. Бұған қоса жағалау аймағында 26 параметр бойынша аспаптық және визуалды бақылау жүргізіледі.
Институт бұған дейін 21 стансаны қамтитын екі теңіз экспедициясын және 22 жағалау нүктесіндегі тұрақты мониторингті қамтитын зерттеу бағдарламасын әзірлеген. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйелі бақылау теңіздегі өзгерістерді дер кезінде анықтап, олардың себептерін ғылыми тұрғыда бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты тек ұлттық деңгейде шектемей, Каспий маңы елдерімен ғылыми ынтымақтастықты да кеңейтіп отыр. Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты өңірдегі университеттер мен ғылыми орталықтарды біріктіретін қауымдастыққа қосылды. Бұл зерттеу нәтижелері мен деректерді өзара алмасуға жол ашады.
Каспийді сақтау бағытындағы жұмыс мемлекетаралық деңгейде де жалғасып жатыр. Каспий маңы елдері теңіздегі өзгерістерге бейімделу және оның экожүйесін қорғау бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатыр. Құжат қазір талқылану кезеңінде.
Бұл бағыттағы ынтымақтастық экологиялық бастамалармен де толықтырылып отыр. «Caspian Sea Action Week 2026» халықаралық волонтерлік апталығына Каспий маңы елдері – Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстанмен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері қатысуда. Апталық аясында экологиялық акциялар, ғылыми кездесулер және Каспийді қорғауға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Апталық аясында Ақтауда Каспийдің экологиялық мониторингі мен ғылыми зерттеулеріндегі заманауи технологияларға арналған халықаралық семинар өтті. Ал «Caspian Clean Challenge» марафоны кезінде волонтерлер жағалауды тазалап, қалдықтарды жинау және сұрыптау жұмыстарын жүргізді. Каспий өңірі волонтерлерінің қатысуымен 80-нен астам ағаш отырғызылған «Достық аллеясы» құрылды.
Экологиялық бастамалар Бозжырада да жалғасты. «Bozzhyra Clean Up» акциясы кезінде қатысушылар аумақты қоқыстан тазартты.
Каспийді қорғауға технологиялық шешімдерді тарту мақсатында Caspian Innovation Lab халықаралық хакатоны да ұйымдастырылды. Қатысушылар теңіздің экологиялық мәселелеріне арналған жобаларын әзірлеп жатыр. Үздік бастамалар бүгін өтетін Caspian Talks саммитінде таныстырылады.