Аймақтар

Ақтөбеде 200-ден астам адам шетелге шыға алмай қалды: туристік компанияға қатысты іс тергеліп жатыр

Ақтөбелік жүздеген тұрғынның шетелде демалу жоспары жүзеге аспай, қаржылық шығынға ұшырады. Азаматтар туристік жолдама, әуе билеті мен қонақүйге алдын ала ақша төлегенімен, уәде етілген сапарлар ұйымдастырылмаған. 

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, туристік компания қызметіне жүгінген азаматтардың саны 200-ден асады. Клиенттерден шетелге шығуды ұйымдастыру үшін ақша алынған, алайда төлем жасалған қызметтер көрсетілмеген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, шетелдік турлар туралы хабарландырулар әлеуметтік желілерде жарияланған. Клиенттерге сапар ұйымдастыру, ұшақ билеттерін алып беру және қонақүйден орын брондау ұсынылған. Алайда қаражат түскеннен кейін міндеттемелер орындалмаған.

Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлағандай, алынған қаражат күдіктінің жеке қажеттіліктеріне жұмсалуы мүмкін. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Зардап шеккендердің арасында демалысын отбасымен өткізуді жоспарлағандар да бар. БАҚ мәліметінше, кейбір азаматтар жолдама ақысын төлеу үшін несие немесе бөліп төлеу рәсімдеген. Енді олар әрі демалыстан, әрі жұмсаған қаражатынан қағылып отыр.

Компанияға қатысты мәселе туындағаннан кейін клиенттер оның кеңсесіне хабарласуға тырысқан. Алайда кеңсе жабық болып, қызметкерлермен байланысу мүмкін болмаған.

Құқық қорғау органдарына түскен арыздардың саны да өзгеріп отыр. Маусым айының басында полицияға 20-ға жуық арыз түскені хабарланса, кейінгі мәліметтер бойынша, оқиғадан зардап шеккен азаматтардың саны 200-ден асқан.

Қазіргі уақытта полиция істің барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің жүрген жерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда.

Бұл жағдай әлеуметтік желі арқылы туристік қызмет сатып алатын азаматтарға тағы бір ескерту болды. Ақша аудармас бұрын компанияның заңды мәртебесін, қажетті құжаттарын, келісімшартын және турдың нақты брондалғанын тексерген жөн. Әсіресе нарықтағы орташа бағадан айтарлықтай төмен ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет.