Freedom клиенттерінің шоттары «минусқа» кетіп жатыр: желіде шағым көбейді
Қазақстандықтар әлеуметтік желіде Freedom Bank карталарындағы түсініксіз өзгерістерге жаппай шағымданып жатыр. Кейбір клиенттердің айтуынша, шоттарындағы қаражат кенеттен «минусқа» кеткен. Бірқатар клиент операция туралы ешқандай хабарлама алмағанын және мобильді қосымшадағы транзакциялар тарихынан бұл сомалардың себебін көрмегенін жазған.
Әлеуметтік желілерде Freedom Bank карталарын пайдаланушылардың шағымы көбейіп жатыр. Клиенттердің жариялаған скриншоттарына қарағанда, бұған дейін шотта болған қаражаттың орнына кейбір карталарда теріс баланс көрсетілген.


Скриншот: Threads желісінен
Жағдайға қатысты Freedom Bank директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жумагулов Threads желісінде түсініктеме берді. Ол шоттарында «минус» пайда болған клиенттердің балансы жақын арада түзетілетінін айтты. Оның айтуынша, мәселе клиенттердің шоттарынан қаражаттың нақты жоғалуына емес, төлем операцияларының жүйеде қате көрсетілуіне байланысты.
Банк өкілінің түсіндіруінше, төлем жүйесінен жекелеген операцияларға қатысты екі қаржылық құжаттың қатар түсуі есеп жүйесіне әсер еткен. Соның салдарынан кейбір клиенттердің шотындағы баланс дұрыс есептелмей көрсетілген. Банк мамандары мәселені реттеп жатқанын және дұрыс көрсетілмеген қалдықтар жақын арада түзетілетінін мәлімдеді. Клиенттердің қаражаты қауіпсіз екені де жеткізді.