Сараптама

Мектепке дайындық: дүкендер ме, әлде маркетплейстер ме — қайсысы тиімді?

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын қазақстандық отбасылар үшін ең үлкен шығындардың бірі – балаларды мектепке дайындау. Биыл мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларының бағасы тағы да өсті. Сарапшылардың есебінше, бір оқушыны мектепке толық дайындау үшін кемінде 75 мың теңге, ал сапалы әрі қымбаттау тауарлар таңдалса, 250 мың теңгеге дейін қаражат қажет болуы мүмкін. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында мектеп формасына қатысты бағаның өсу қарқыны біршама баяулаған. Жыл басында бұл көрсеткіш 110,2 пайыз болса, маусым айында 106,6 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен бұл бағаның арзандағанын білдірмейді, тек қымбаттау қарқынының бәсеңдегенін көрсетеді.

Ал балалар аяқ киімі ең қымбаттап жатқан санат болып қалып отыр. Соңғы бір жылда бұл тауарлар бойынша баға индексі 112–114,7 пайыз аралығында сақталған. Әсіресе жаздың соңында сұраныстың артуына байланысты аяқ киім бағасы айтарлықтай өседі. Сондықтан сарапшылар мұндай сатып алуды тамызға қалдырмауға кеңес береді.

Кеңсе тауарларының бағасы да тұрақты өсіп келеді. Маусым айындағы дерек бойынша олардың тұтыну бағасының индексі 105,3 пайызды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда дәптер, қалам, сурет салу құралдары мен басқа да оқу жабдықтарының қымбаттағанын білдіреді.

Баға айырмашылығы тек тауардың өзіне ғана емес, сатып алынатын орынға да байланысты. Сараптамада Қазақстандағы желілік дүкендер («Детский мир», Flip, Sportmaster) мен халықаралық маркетплейстердегі (Ozon, Wildberries) ұсыныстар салыстырылған.

Нәтижесінде желілік дүкендерде қыз баланы мектепке дайындау құны 78,3–206,9 мың теңге, ұл бала үшін 75,2–204,8 мың теңге аралығында екені анықталған. Ал маркетплейстерде бұл көрсеткіш жоғарырақ: қыздарға арналған жиынтық 96,8–210,8 мың теңге, ұлдарға 109,9–250,5 мың теңгеге дейін жетеді.

Ең үлкен айырмашылық рюкзактар мен спорттық киімдерде байқалады. Мысалы, дүкендерде мектеп сөмкесін 3,8 мың теңгеден табуға болса, маркетплейстерде оның бастапқы бағасы 8,3 мың теңгеден басталады.

Шығын құрылымына қарағанда, ең қымбат санаттарға аяқ киім, спорттық киім және рюкзактар жатады. Дегенмен жалпы бюджетте ең үлкен үлесті мектеп формасы алады. Ұл балалар үшін пиджак пен екі жұп шалбар негізгі шығын болса, қыз балалардың киімінде сарафан, шалбар және дене шынықтыруға арналған киім бағасы жалпы соманы айтарлықтай арттырады.

Айта кету керек, есепте сыртқы киім, күзгі аяқ киім, мұғалімге арналған гүл шоғы немесе сынып қорына жиналатын қаражат сияқты қосымша шығындар енгізілмеген. Сондықтан мектепке дайындықтың нақты құны көрсетілген сомадан да жоғары болуы ықтимал.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары онлайн-сауданың қарқынды дамуына қарамастан, маркетплейстер барлық жағдайда ең арзан нұсқа бола бермейді. Кейбір санаттар бойынша дәстүрлі желілік дүкендер әлдеқайда тиімді ұсыныстар ұсынады. Сондықтан ата-аналарға оқу жылына дайындық кезінде бағаларды бірнеше сауда алаңында салыстырып барып сатып алу ұсынылады.