Қазақстан мен Өзбекстан 20-ға жуық тауарға сауда кедергілерін жояды
Қазақстан мен Өзбекстан 10 тамыздан бастап 20-ға жуық тауар түріне қатысты тарифтік және тарифтік емес шектеулерді алып тастайды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Бұл туралы Ташкентте өткен Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумының материалдарында айтылған.
Кәсіпкерлер саудадағы кедергілер мәселесін бұған дейін Ақтауда өткен үкіметаралық комиссияның отырысында көтерген. Аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер шамамен бір апта ішінде әзірленген.
Форум барысында нақты қандай тауар түрлеріне қатысты шектеулердің алынып тасталатыны және тауар позицияларының екі ел арасында қалай бөлінетіні жарияланған жоқ.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі 37,9%-ға өскен. Қазақстан тарапы Өзбекстанға қосымша жеткізу мүмкіндігі бар 261 тауар позициясын анықтап отыр.
Сонымен қатар екі ел жыл сайынғы тауар айналымын қазіргі шамамен 5 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Логистика, шекара мәселелері және өңірлерде серіктестер іздеу бағытындағы мәселелерді шешу үшін Өзбекстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жұмыс тобы құрылады.