Жаңалықтар

Жалаңаш ер адам Қазақстан туын іліп, Бруклин көпірінен секіріп кетті

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ерекше әрі қауіпті оқиға болды. Жалаңаш ер адам Бруклин көпірінің мұнарасына шығып, Қазақстанның мемлекеттік туын іліп қойғаннан кейін Шығыс өзеніне секірген. Ол аман қалып, құтқарушылардың көмегімен судан шығарылды.

Оқиға 2 тамыз күні күндіз Нью-Йорктегі әйгілі Бруклин көпірінде болған. Полиция мәліметінше, 44 жастағы ер адам көпірдің Манхэттен жағындағы солтүстік мұнарасына өрмелеп шыққан. Биікке көтерілген соң ол бірнеше жалауды, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік туын бекіткен. Сонымен қатар тағы бір жазуы бар ақ түсті матаны ілгені хабарланды.

Кейін ер адам үстіндегі киімін шешіп, көпірден Шығыс өзеніне секірген. Куәгерлердің түсірген видеоларында оның қолындағы киім не сөмкені парашют секілді пайдалануға тырысқаны байқалады.

Оқиға орнына жеткен Нью-Йорк полициясының судағы құтқару бөлімі ер адамды өзеннен шығарып алды. Ол ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалаған.

Әзірге ер адамның Қазақстан туын не үшін ілгені және әрекетінің нақты себебі белгісіз. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.