Әлем

Өзбекстанда көлікке сұраныс артты: маусымда 80,2 мың авто сатылған

Өзбекстанда автокөлік нарығында өсім байқалды. 2026 жылдың маусымында елде 80,2 мыңнан астам көлік сатылып, бұл мамыр айымен салыстырғанда 18%-ға көп. Мұндай мәліметтерді Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы (ЦЭИР) келтірді,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы uz.kursiv.media сайтына сілтеме жасап.

Көлік сатылымының ең жоғары өсімі Сурхандария мен Хорезм облыстарында тіркелді. Бұл өңірлерде сатылым бір айда тиісінше 33,7% және 32,6%-ға артқан. Ал Жизақ облысында керісінше 2,2%-дық төмендеу байқалды.

Ташкентте маусым айында шамамен 18 мың көлік сатылып, айлық өсім 9%-ды құрады. Жалпы сатылған 80,2 мың көліктің 61,4 мыңы жеңіл автокөлікке тиесілі. Бұл мамыр айындағы көрсеткіштен 14%-ға жоғары.

Нарықтағы өсімге негізінен отандық көліктердің сатылымы әсер еткен. Олардың саудасы 12%-ға өсіп, 18,8 мың данаға жетті. Ал шетелдік өндірістің жаңа көліктерінен 5,1 мыңы сатылып, бұл өткен аймен салыстырғанда шамамен 7%-ға көп.

Маусымдағы сатылым көлемінің 24 мыңы жаңа көліктер болса, 37 мыңы қолданыста болған автокөліктерге тиесілі.

Жалпы 2026 жылдың алғашқы жартысында Өзбекстандағы жеңіл көлік нарығы шамамен 240 мың бірлікті құрады. Алайда бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға төмен.

Өзбекстанда автокөлік өндірісі де өскен

2026 жылдың 1 шілдесіне дейін Өзбекстанда 235,7 мың жеңіл автокөлік өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,8 мың көлікке көп.

Арнайы мақсаттағы жеңіл көліктер өндірісі де 23,3 мыңнан 29,5 мыңға дейін артқан.

Өзбекстанда ең көп өндірілетін көлік моделі — Cobalt. Жыл басынан бері елде 82,9 мың Cobalt құрастырылған. Былтыр бұл көрсеткіш 73,1 мың болған.

Ал Damas өндірісі керісінше азайған. Бірінші жартыжылдықта 42,6 мың Damas шығарылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 45,9 мыңды құраған.

Қазіргі таңда Өзбекстанда тіркелген автокөліктердің жалпы саны 4,9 миллионға жетті. Оның 4,5 миллионы — жеңіл көлік, 330,3 мыңы — жүк көлігі.