Білім

2026-2027 оқу жылының күнтізбесі бекітілді: мектеп оқушылары қашан демалады?

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған оқу процесінің күнтізбесін жариялады. Құжатқа сәйкес, жаңа оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, тоқсандардың ұзақтығы мен каникул кезеңдері, сондай-ақ бітіруші сыныптардың қорытынды аттестаттау уақыты айқындалды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, еліміздегі мектептерде жаңа оқу жылы 2026 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2027 жылдың 25 мамырында аяқталады.

Жыл бойындағы оқу процесі төрт тоқсаннан тұрады. Бірінші тоқсан сегіз оқу аптасына жоспарланған. Осыдан кейін оқушылар 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығында жеті күн күзгі демалысқа шығады.

Екінші тоқсан да сегіз аптаға созылады. Қысқы каникул 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасып, оқушыларға екі апталық демалыс беріледі.

Бұған қоса, бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8–14 ақпан аралығында жеті күндік қосымша демалыс қарастырылған.

Үшінші тоқсанның ұзақтығы – он оқу аптасы. Көктемгі демалыс 2027 жылғы 22–28 наурыз аралығында өтеді.

Төртінші тоқсан сегіз оқу аптасын қамтып, оқу жылы 25 мамырда аяқталады.

Сонымен қатар министрлік 9 (10) және 11 (12) сынып оқушыларының қорытынды аттестаттау мерзімдерін де бекітті. Ведомство түлектерге қатысты емтихан кестесі мен өзге де толық ақпарат ресми ақпараттық ресурстарда жарияланғанын хабарлады.