Аймақтар

Қызылорда: Жаңақорған ауданында инженерлік инфрақұрылым нысандары жаңартылуда

Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендерді заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және халыққа жайлы орта қалыптастыру — жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Осы бағыттағы ауқымды жұмыстарды үйлестіру мен бақылау мақсатында бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбек өңірде жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды инженерлік инфрақұрылым нысандарын арнайы аралап, құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысымен жеке танысты,— деп хабарлайды newsroom.kz

Аудан басшысының жұмыс сапары ең алдымен Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» мөлтек ауданынан басталды. Бұл аймақ халыққа жаңадан берілетін баспана орындары болғандықтан, мұндағы инфрақұрылымның сапалы әрі уақытылы жүргізілуі ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда бұл жаңа мөлтек ауданда тұрғындарға табысталатын 1500 жер учаскесін толықтай инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әсіресе, тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы электр қуатымен қамту мақсатында электр желілерін тарту ісі жоғары қарқынмен аяқталуға жақын. Атап айтқанда, алдағы кезеңде мұнда ауыз су желілерін жүргізу, табиғи газ қосу және автокөлік жолдарының құрылысын толық аяқтау жоспарланған.

Жаңақорған ауданы әкімдігі тарапынан инфрақұрылымы толық аяқталмаған жерлерге үй салуда қиындықтар туындамас үшін барлық инженерлік желілер мен жол құрылысы 100 пайыз біткеннен кейін ғана бұл жер учаскелері халықтың игілігіне табысталады деп шешілді.

Одан кейін аудан басшысы Ғалымжан Жарқынбек сапарын Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұм елді мекенінде жалғастырды. Бұл ауылдағы басты мәселелердің бірі — жылдар бойы жаңартылмаған электр желілері болатын.

Бұл түйткілді шешу үшін жалпы құны 257 миллион теңгені құрайтын ірі жоба қолға алынып, тозығы жеткен электр инфрақұрылымын толық жаңғырту жұмыстары басталып кеткен. Бүгінгі таңда жоба аясында ауқымды істер атқарылып, елді мекенге су жаңа қосалқы стансалар орнатылды.