Өңірде жасөспірімдердің еңбек құқығын бұзудың 50-ден астам фактісі тіркелді
Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. 27-ші шілдедегі жағдай бойынша республика бойынша 4 жарым мыңнан астам нысан профилактикалық іс-шарамен қамтылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде еңбек заңнамасының талаптарын сақтамаудың 900-ге жуық дерегі анықталды,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы mtrk.kz сайтына сілтеме жасап.
Аталмыш жұмыстар біздің өңірде де қолға алынған.
МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:
— Біздің департаменттің инспекторлары мен ювеналды полиция өкілдері бірлесіп түрлі рейд өткізеді. Соңғы 2 айда 120-ға жуық нысан мен кәсіпорын тексерістен өтті. 49 құқық бұзушылық анықталды. Оның 70 пайызы қоғамдық тамақтану орындарында тіркелді. Нәтижесінде заң бұзған жұмыс берушілер жасөспірімдерге еңбек шарттарын ұсынды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың талаптарын сақтамаған кәсіпкерлерге 5 дерек бойынша айыппұл салынды.
Жасөспірімдер үстеме жұмысқа тартылмауы керек, түнгі ауысымда жұмыс істемеуі керек. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың зиянды және қауіпті жерде, алкоголь өнімдері сатылатын орында жұмыс істеулеріне заңмен тыйым салынған.
МИРАС САБАҒАНОВ, СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы:
— 14 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер тек сабақтан бос уақытында, оқуына кедергі келтірмейтін жағдайда және ата-анасының бірінің жазбаша келісімімен жұмыс істей алады. 16 жастан асқан азаматтар жалпы тәртіп бойынша жұмысқа орналасады.
Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.