«Алдымыздан өткен жоқ»: Ұлдана Мырзуанның анасы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның бұрынғы жұбайы Әділет Зейнелдің араға сегіз ай салып қайта шаңырақ көтергені қоғамда қызу талқыға түсті. Осыған байланысты марқұмның анасы Салима Ешанкулова алғаш рет ресми үндеу жасап, отбасына қатысты көпшілікті толғандырған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Newsroom.kz
Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ешанкулованың бейнеүндеуі жарияланды. Мәлімдемеде оның отбасы соңғы күндері қоғам мен журналистерден тоқтаусыз сауалдар алып жатқанын айтып, осыған байланысты ресми ұстанымын жеткізді.
Салима Ешанкулованың айтуынша, қызының бұрынғы жұбайы Әділет Зейнел де, оның ата-анасы мен жақын туыстары да қайта некеге тұрар алдында марқұмның отбасына келіп, ниеттерін білдірмеген.
«Көпшілік “Алдарыңыздан өтті ме?” деп сұрап жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Әділеттің ата-анасы да, жақындары да келген жоқ», – деді ол.
Сонымен қатар Ұлдананың өліміне қатысты қылмыстық істің әлі аяқталмағанын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі уақытта отбасы іс материалдарымен танысып жатыр.
Марқұмның анасы бұрынғы күйеу баласы Әділет Зейнелдің қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесіне де тоқталды.
«Қызымның өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Әділет бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Мен оның осы мәртебеден бас тартқанын қалаймын», – деді Салима Ешанкулова.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Әділет Зейнелдің қайта үйленгені туралы ақпарат пен ұзату рәсімінен түсірілген видеолар кеңінен тарады. Бұл жаңалық қоғамда түрлі пікір туғызды. Бір топ азамат оның жеке өміріне құрметпен қарау қажет екенін айтса, енді біреулері жұбайының қазасынан кейін бір жыл өтпей қайта отбасы құрғанын сынға алды.
Айта кетейік, Ұлдана Мырзуан былтыр Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған болатын. Оның қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр. Марқұмның отбасы қазіргі уақытта іс материалдарымен танысу кезеңінде екенін мәлімдеді.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков жариялаған бейнеүндеуде отбасы бұл мәлімдемені қоғамда тараған ақпараттарға және өздеріне бағытталған көптеген сауалдарға жауап ретінде жасағанын атап өткен. Сонымен қатар бейнежазбаны Салима Ешанкулова мен оның сенімді өкілінің келісімінсіз өзге ақпараттық ресурстарда көшіруге болмайтыны ескертілген.