Жаңалықтар

ҰҚО еліміздің 8 өңірінде қару-жарақтың заңсыз айналымын анықтады

Биыл шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің 8 өңірінде қару-жарақтың заңсыз айналымының жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Барлығы 31 бірлік қару, оның ішінде 4 автомат, 20 мылтық, 7 тапанша, 2 граната және 278 оқ-дәрі тәркіленді.

Жедел-тергеу амалдары жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сондай-ақ, ү.ж. маусымда ҰҚК СЖҚҚ 125 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды тіркеді.

Сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі (97) парақорлық, (9) алаяқтық және (8) лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, (7) жымқыру, (3) қызметтік жалғандық жасау, (1) билікті асыра пайдалану сияқты қылмыстарға қатысты.

Қылмыстық істер бойынша 67 адам күдікті деп танылды.

149 қылмыстық істі тергеу аяқталды, оның 129-ы сотқа жіберілді.

Анықталған залал сомасы (аяқталған қылмыстық істер бойынша) 4,7 млрд теңгені құрады. Бюджетке 2,1 млрд теңге қайтарылды. Құны 971,4 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.

Айта кетелік, соңғы төрт жыл ішінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 10 лаңкестің әрекеттің алдын алған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың мәліметіне сүйенсек, соңғы төрт жылда комитет мамандары Қазақстанның аумағында жасалмақ болған 10 террористік акті мен зорлық-зомбылық акциясының алдын алған.

Осы аралықта 290-нан астам діни радикал сотталып, террористік қызметке қатысы бар 1800-ден астам шетелдік елге кіре алмай қалған.

«Ақпараттық кеңістікте радикалды жарияланымдарға апаратын 100 мыңға жуық сілтеме анықталып, бұғатталды. Комитет шетелдегі террористік көріністерді де жиі әшкерелейді. Шетелдік серіктестерге олардың елдерінде дайындалып жатқан 11 теракт туралы ақпарат берген», - деп мәлімдеген ҰҚК басшысы.

Сондай-ақ сәуір айында Алматыда 4 миллионнан астам адамға қоңырау шалған алаяқтар қолға түскен болатын.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласындағы департаменті телефон алаяқтығына қатысты ауқымды халықаралық схеманың жолын кесті.

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тергеу деректеріне сәйкес, қаскөйлер қазақстандық абоненттерге заңсыз қоңырау шалу үшін байланыс операторларын айналып өтетін арнайы жүйе құрған. Олар жалған заңды тұлғаларды пайдаланып, виртуалды телефон станцияларын іске қосқан, жергілікті ұялы байланыс нөмірлерін сатып алып, зиянды бағдарламаларды қолданған.

Соның салдарынан, ұйымдасқан топ 4 миллионнан астам қоңырау шалып үлгерген. Олардың әрекетінен байланыс операторларына келген шығын 15 миллион теңгеден асқан.