Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасынан туннель табылды
Қырғызстанның Баткен облысында Өзбекстан шекарасына жақын маңнан контрабанда мақсатында салынған болуы мүмкін жерасты туннелі анықталды,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы anhor.uz сайтына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары Қадамжай ауданындағы Чекелик ауылында орналасқан қараусыз қалған үйдің аумағын тексеру барысында Өзбекстан бағытына қарай қазылған туннельді тапқан.
Жерасты жолының тереңдігі шамамен 12 метр, ені 1,5 метрді құрайды.
Қырғызстан милициясының мәліметінше, аталған құрылыс тауарларды шекара арқылы заңсыз өткізу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Туннельді салу жұмыстары тоқтатылды.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша тексеру жүргізіліп, туннельдің пайда болу себептері және оны салуға қатысы болуы мүмкін адамдар анықталуда.