Сенаттан әкімдікке: Ернұр Айткенов Ақтоғай ауданына басшылық ететін болды
Павлодар облысының Ақтоғай ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке бұған дейін Сенат депутаты болған Ернұр Айткенов келді. Тиісті тағайындау Президент Әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен жүзеге асты.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов аудан активіне жаңа әкімді таныстырды. Ақтоғай ауданының тізгінін енді мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинаған Ернұр Айткенов ұстайды.
Ернұр Айткенов 1965 жылы дүниеге келген. Мемлекеттік басқару саласында жиырма жылдан астам еңбек еткен. Әр жылдары Май, Баянауыл, Аққулы және Тереңкөл аудандарын басқарған. Соңғы кезеңде Павлодар облысынан сайланған Сенат депутаты ретінде қызмет атқарды.
Жаңа әкімді таныстыру барысында облыс әкімі ауданның даму қарқыны сақталғанымен, бірқатар бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін айтты. Ең алдымен инвестиция тарту, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру және тұрақты жұмыс орындарын көбейту міндеті қойылды. Сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ерікті қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларды тарту мәселесіне ерекше назар аудару тапсырылды.
Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы да басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Қуаңшылық жағдайында егінді сақтап қалу, мал азығын дайындау мен орақ науқанын сапалы ұйымдастыру жаңа әкімнің негізгі міндеттерінің қатарына енгізілді. Бұдан бөлек, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бюджеттік жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы бақылауда болады.