Қазақстан қоржынына алғашқы алтын: Дияр Аманәлі әлем чемпионы атанды
Қазақстандық балуан Дияр Аманәлі Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Ол грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Newsroom.kz
Жарыс барысында Дияр төрт қарсыласын сенімді түрде жеңіп шықты. Алғашқы белдесуінде Грекия өкілі Николаос Зинисисті 8:0 есебімен мерзімінен бұрын ұтса, одан кейін Ресей балуаны Эдем Пайзиевтен 3:1 есебімен басым түсті. Ширек финалда Грузия өкілі Гиорги Кеделидзені 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда Болгария спортшысы Данимир Йордановты 8:1 есебімен айқын басымдықпен тізе бүктірді.

Алтын жүлде сарапқа салынған финалда қазақстандық балуан Венгрия өкілі Кеве Ковачпен белдесті. Тартысты өткен кездесуде есеп 1:1 болып аяқталды. Алайда халықаралық күрес ережесіне сәйкес алғашқы ұпайды иеленген спортшы жеңімпаз деп танылатындықтан, жеңіс Дияр Аманәліге берілді.
Осылайша, Дияр Аманәлі Бакуде өткен әлем біріншілігінде Қазақстанның көк туын желбіретіп, 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан құрамасының аталған әлем чемпионатындағы алғашқы алтын жүлдесі.