Жаңалықтар

«Әділет» партиясының республикалық штабы Атыраудағы үгіт жұмысын өндіріс орындарындағы кездесулерден бастады

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Атырау облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулер барысында партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, мұнай-газ саласын дамыту, еңбек қауіпсіздігі, экология, цифрландыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері талқыланды.

Атырау облысына келген «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы жұмыс сапарын еліміздің жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесуден бастады. Алғашқы кездесулерде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, қызметкерлердің сауалдарына жауап берді.

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны – Атырау мұнай өңдеу зауыты болды. Кездесу барысында партия төрағасы Айбек Дәдебай Атырау өңірінің ел экономикасындағы стратегиялық рөлін атап өтіп, энергетикалық қауіпсіздік партия бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, партия тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруды, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуді және заманауи цифрлық еңбек қатынастарын енгізуді көздейді. Сондай-ақ ел бойынша бір миллион сапалы жұмыс орнын құру міндеті қойылған.

Кездесу барысында мұнай-газ химиясын дамыту, өңдеу өнеркәсібін қолдау, қазақстандық сервистік компаниялардың әлеуетін арттыру, ірі жобалардағы отандық өнім үлесін көбейту және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелері сөз болды.

Экологиялық бағытқа да ерекше назар аударылды. Партия өкілдері ауаның ластануын азайту, су ресурстарын тиімді пайдалану, елді мекендерді көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру және өнеркәсіп орындарындағы экологиялық бақылауды күшейту жөніндегі бастамаларын таныстырды.

Ашық форматта өткен кездесуде зауыт қызметкерлері өндірісті цифрландыру, экологиялық қауіпсіздік, кадр даярлау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және отбасы құндылықтарын нығайтуға қатысты сұрақтарын қойды.

Мәди Мырзағараев мемлекеттік қызметтерді, бюджеттік қаражатты бөлу, субсидиялау және мемлекеттік сатып алу жүйесін толық цифрландыру ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Ал Унзила Шапақ экологиялық төлемдер жиналған өңірлердің табиғатын қалпына келтіруге бағытталуы тиіс екенін айтып, өндіріс орындарында халықаралық экологиялық стандарттарды енгізуді қолдайтынын жеткізді.

Жас мамандарды даярлау мәселесіне тоқталған Елдар Жұмағазиев инженерлер мен геологтарды «жасыл» технологиялар мен экологиялық менеджмент бағыттары бойынша оқытуға мемлекеттік қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

Одан кейін республикалық штаб мүшелері TEXOL вагон жасау зауытында болып, кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысты. Кездесуде машина жасау саласын дамыту, қазақстандық өндірушілерді қолдау, технологиялық жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапарының келесі кезеңінде партия өкілдері «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері мен мұнай-газ саласының ардагерлерімен кездесті. Онда жас мамандар даярлау, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, өндірісті цифрлық трансформациялау және мұнай-газ саласындағы отандық өнім үлесін арттыру мәселелері көтерілді.

Кездесу барысында «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Рауан Кенжеханұлы, Унзила Шапақ, Жанарбек Әшімжанов және Айрат Хайруллин партия бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өндіріс саласын қолдауға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Атырау облысындағы жұмыс сапары жалғасуда. Күннің екінші жартысында партия өкілдері өңірдің креативті жастары мен қоғам белсенділерімен кездесу өткізді.