«Әділет» партиясы: ашық есеп пен заң үстемдігі – басты басымдық
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрбек Матжани мен Айжан Аймағанова партияның негізгі ұстанымдарын таныстырды. Олар сайлауалды бағдарламаның орындалуын ашық бақылау тетіктері енгізілетінін және заң үстемдігін қамтамасыз ету партия жұмысының басты бағыты болатынын айтты.
«Әділет» партиясының өкілдері сайлаушылармен кездесулер барысында партияның саяси ұстанымдары мен алдағы міндеттері туралы айтып жүр. Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжанидің сөзінше, партия қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейту үшін жаңа тәсілді қолға алған.

Оның айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасында берілген уәделердің орындалу барысын әр азамат ресми сайт арқылы қадағалай алады. Бұл бастама халық пен саяси ұйым арасындағы ашықтықты арттырып, әрбір бастаманың жүзеге асуына қоғамдық бақылау орнатуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Нұрбек Матжани азаматтарды партия бағдарламасымен танысып, өз ұсыныстары мен сұрақтарын тікелей жолдауға шақырды. Оның пікірінше, ашық диалог пен кері байланыс тиімді саяси жұмыстың маңызды бөлігі болуы тиіс.
Ал Құрылтай депутаттығына кандидат Айжан Аймағанова партияның басты қағидаларының бірі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол заң талаптары қоғамдағы барлық азаматқа бірдей қолданылуы қажет екенін айтты.
Кандидаттың сөзінше, ешбір лауазым немесе жеке ықпал заңнан жоғары тұрмауы тиіс. Тек заң үстемдігі толық қамтамасыз етілген жағдайда ғана әділетсіздікпен күрес тиімді болып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік туады.
Партия өкілдерінің айтуынша, ашық есеп беру, қоғамдық бақылау және заң талаптарының бәріне бірдей орындалуы – әділетті қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі.