Алматыда ерекше қажеттілігі бар қызға қатысты іс тоқтатылды: анасы Бас прокурордан істі қайта қарауды сұрады
Алматы қаласында ерекше қажеттілігі бар 26 жастағы қызға қатысты жыныстық сипаттағы оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Жәбірленушінің анасы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, қызының денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен келісім бере алмайтынын алға тартуда. Ал полиция тергеу барысында қылмыстық құқық бұзушылық құрамының анықталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz
Алматы қаласының тұрғыны ерекше қажеттілігі бар қызына қатысты болған оқиға бойынша құқық қорғау органдарының шешіміне наразылық білдірді. Оның айтуынша, оқиға 2026 жылдың наурыз айында болған. Әйелдің сөзінше, қызы бейтаныс ер адамның шақыруымен пәтерге барғаннан кейін жыныстық сипаттағы әрекетке ұшыраған.
Анасының мәлімдеуінше, қызы эпилепсиямен ауырады және ақыл-ой дамуында ерекшелігі бар. Оның айтуынша, 26 жаста болғанымен, қызы өз бетінше саналы шешім қабылдай алмайды, оқи алмайды, уақытты ажырата алмайды әрі күнделікті өмірде тұрақты күтімді қажет етеді. Осыған байланысты ол қызының болған жағдайға ерікті түрде келісім беруі мүмкін емес деп есептейді.
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, сот-медициналық сараптама қыздың жыныстық қатынасқа түскенін растаған. Алайда тергеу барысында оқиғада қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ деген қорытынды жасалып, қылмыстық іс тоқтатылған.
Сонымен қатар, анасы күдікті тараптың істі тоқтату үшін ақша ұсынғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл ұсыныстан бас тартқан және кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Аталған мәлімдемеге қатысты құқық қорғау органдары әзірге жеке түсініктеме берген жоқ.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу барысында жәбірленуші тарап келтірген уәждер өз дәлелін таппаған.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына сәйкес, қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Бұл шешім кейін аудандық прокуратура тарапынан да мақұлданған.
Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа жүгініп, істі қайта қарап, жан-жақты әрі объективті тергеуді қамтамасыз етуді сұрап отыр.
Ескерту: Бұл материалда жәбірленуші тараптың уәждері мен құқық қорғау органдарының ресми ұстанымы қатар берілді. Оқиғаға құқықтық түпкілікті бағаны құзырлы органдар береді.