Қырғызстанда Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері көз жұмды: өлім алдында қатыгездікпен соққыға жығылғаны белгілі болды
Қырғызстанда Мемлекеттік күзет қызметінің 23 жастағы қызметкерінің қазасына қатысты жаңа мән-жайлар анықталды. Тергеу мәліметінше, жас маман қызмет барысында есінен танып, ауруханада қайтыс болғанға дейін бірнеше апта бұрын Ыстықкөл облысында белгісіз адамдардың соққысына ұшыраған. Аталған дерек бойынша бес күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы newsroom.kz, 24.kg-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Қырғызстанның Ыстықкөл облыстық ішкі істер басқармасының мәліметінше, 29 маусым күні Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек еткен 23 жастағы Ж.Т. қызметтік сапқа тұру кезінде кенеттен есінен танып құлаған.
Ол дереу Бішкектегі Мирсаид Миррахимов атындағы Ұлттық кардиология және терапия орталығына жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Алғашқы тексеру барысында марқұмның денесінде ауыр жарақаттар байқалмағанымен, кеуде тұсында көгерген іздер мен сырылған жерлер анықталған. Осыған байланысты нақты өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Оқиғаға қатысты жаңа деректер арада бірнеше апта өткен соң белгілі болды. 22 шілдеде марқұмның ағасы Ақ-Суу аудандық милициясына арыз жазып, 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні інісінің Ыстықкөл облысындағы ауылдардың бірінде аяусыз соққыға жығылғанын хабарлаған.
Белгілі болғандай, сол түні Ж.Т. сүйіктісі тұратын ауылға барған кезде оған бірнеше адам шабуыл жасаған. Алайда жас жігіт бұл оқиға туралы туыстарына да, әріптестеріне де айтпаған. Ол кейін Бішкекке оралып, жұмысын жалғастырған. Арада екі аптадан кейін қызмет барысында кенеттен көз жұмған.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары төбелеске қатысы бар деген күдікпен Ақ-Суу ауданының бес тұрғынын анықтады. Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Аталған факті бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
23 шілдеде Ақ-Суу аудандық соты 2010 жылы туған екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Қалған үш күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі сотта қаралып жатыр.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдары жас қызметкердің өлімі мен оған дейінгі шабуылдың арасында байланыс бар-жоғын анықтап, істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр.