Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес күшейтілді: жыл басынан бері 80 қылмыс тіркелді
Қазақстанда адам саудасына қарсы күрес жаңа деңгейге көтерілуде. Елде заңнамалық тетіктер жетілдіріліп, халықаралық әріптестік нығайтіліп жатыр. Сонымен қатар интернет арқылы алдап-арбау, азаматтарды шетелде қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлеу сияқты жаңа қауіп-қатерлерге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Адам саудасы жаңа сипатқа ие болды
Қазіргі таңда адам саудасы тек еңбек немесе жыныстық қанаумен ғана шектелмейді. Қылмыстық топтар әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларды пайдаланып, азаматтарды жалған жұмыс ұсыныстарымен шетелге шақырып, кейін оларды кибералаяқтыққа, интернет-скамға, қаржылық алаяқтыққа және басқа да заңсыз әрекеттерге мәжбүрлейді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко қазіргі жағдай халықаралық қауымдастықтың ерекше назарын талап ететінін айтты.
«Бүгінде адам саудасының бір түрі ретінде мәжбүрлі қылмыстық әрекеттердің көбеюі ерекше алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл мәселе халықаралық қауымдастық тарапынан жіті назар аударуды қажет етеді», – деді Станислав Василенко.
Оның айтуынша, Қазақстан адам құқықтарын қорғауға бағытталған 60-тан астам халықаралық келісімге қатысады. Ал 2024 жылы қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң халықаралық деңгейде мойындалған 4P қағидатына – серіктестік, алдын алу, қылмыскерлерді қудалау және жәбірленушілерді қорғау бағыттарына негізделген.
Қазір мемлекеттік органдар халықаралық ұйымдармен бірлесіп, 2027–2029 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеп жатыр.
Қазақстан халықаралық бастамаларды ілгерілетуде
Соңғы жылдары Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жоғары жалақы уәде еткен жалған жұмыс ұсыныстары арқылы алданған қазақстандықтардың саны көбейген. Шетелге барған соң олардың құжаттары тәркіленіп, интернет-алаяқтық пен өзге де қылмыстық әрекеттерге күштеп тартылған жағдайлар тіркелген.
Осыған байланысты Қазақстан халықаралық деңгейде мұндай азаматтарды ең алдымен құқық бұзушы емес, адам саудасының құрбаны ретінде тану бастамасын көтеріп келеді.
«Қазақстан адам саудасының құрбандары кибералаяқтыққа, онлайн-скамға, есірткі қылмыстарына және өзге де заңсыз әрекеттерге мәжбүрленетін жағдайларды анықтау бойынша өзінің практикалық тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа ұсынды», – деді Станислав Василенко.
Биыл маусым айында БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі комиссиясының 35-сессиясында Қазақстан Беларусьпен бірлесіп, адам саудасының құрбандарын қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлеуге қарсы бағытталған қарардың қабылдануына қол жеткізді.
Мьянмадан ондаған қазақстандық елге қайтарылды
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда ең күрделі бағыттардың бірі – Мьянма. Бұл елде мыңдаған адамды заңсыз ұстап, интернет-алаяқтықпен айналысуға мәжбүрлейтін арнайы скам-орталықтар жұмыс істейді.
Қазақстанның бұл елде елшілігі болмағандықтан, құтқару жұмыстары Таиландтағы Қазақстан Елшілігі арқылы халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүргізілуде.
2022–2025 жылдар аралығында Мьянмадан 49 қазақстандық елге қайтарылды. Оның ішінде 20 азамат 2025 жылы босатылған. Сонымен қатар Қазақстан Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарын құтқаруға да қолдау көрсетті.
СІМ мәліметінше, алдын алу жұмыстарының нәтижесінде мұндай жағдайларға тап болатын қазақстандықтардың саны азайып келеді. 2026 жылдың мамыр айына дейін тағы бес азамат елге қайтарылған.
ІІМ: 80 қылмыстық іс тіркелді
Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті үшінші басқармасының бастығы Самат Күсетовтің айтуынша, биыл адам саудасына қатысты 80 қылмыстық іс тіркелген.
Сонымен қатар адам саудасымен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Соның бірі Алматы қаласында анықталған. Қылмыстық топ тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды алдап, олардың атына қымбат автокөліктерді несиеге рәсімдеп, кейін көліктерді сатып отырған.
Бұдан бөлек, жезөкшелікпен айналысуға жағдай жасау және жеңгетайлық фактілері бойынша 758 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Жәбірленушіні құтқару ғана жеткіліксіз
Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері адам саудасына қарсы күресте ең басты мәселе – жәбірленушілердің қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасау екенін айтты.
«Адам саудасы мемлекеттік шекарамен шектелмейді. Сондықтан оған қарсы әрекет те мемлекеттердің шекарасымен ғана шектелмеуі тиіс», – деді Қазақстандағы Халықаралық көші-қон ұйымының ұлттық үйлестірушісі Әлия Белоносова.
Оның айтуынша, адамды құтқару – мәселенің басы ғана. Кейін оған медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, құжаттары қалпына келтіріліп, құқықтық қолдау мен жұмысқа орналасуға жәрдем берілуі қажет.
«Біз ең алдымен істі емес, адамды көруіміз керек. Әрбір статистиканың артында тағдыр, бұзылған өмір жоспарлары және адамның қауіпсіздік пен қадір-қасиет сезімін қайта қалпына келтіру қажеттілігі тұр», – деді Әлия Белоносова.
ІІМ мәліметіне сәйкес, биыл адам саудасының 15 құрбанына түрлі көмек көрсетілген. 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғауға алынса, тағы екі адамға арнайы қор есебінен өтемақы төлеу жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда қылмыскерлер адамдарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер және жалған жұмыс хабарландырулары арқылы арбайды. Сондықтан Қазақстан құқық қорғау шараларымен қатар халықтың құқықтық сауатын арттыруға, шетелде жұмыс істеудің қауіптері туралы ақпараттандыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық беріп отыр.