АҚШ 60 елге қатысты қосымша кедендік баж салығын енгізеді
АҚШ мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдердің импортына тиімді тыйым салмай отыр деп бағаланған шамамен 60 елден әкелінетін тауарларға 10% немесе 12,5% көлемінде қосымша кедендік баж салығын енгізеді. Бұл туралы АҚШ-тың Сауда өкілінің хабарламасы АҚШ үкіметінің ресми құжаттар жинағы – Федералдық тізілімде (Federal Register) жарияланды,— деп хабарлайды newsroom.kz
АҚШ Сауда өкілдігі мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдердің импортына тиімді тыйым салмаған деп есептелетін 60 сауда серіктесіне қатысты жүргізілген тергеуді аяқтады.
Тексеру қорытындысы бойынша аталған елдерден импортталатын тауарларға 10% немесе 12,5% көлемінде қосымша кедендік баж салығы енгізіледі. Баж мөлшерлемесі тиісті елдің мұндай өнімдердің импортына тыйым салу бағытында қандай шаралар қабылдағанына байланысты белгіленеді.
10% мөлшеріндегі қосымша баж Аргентина, Бангладеш, Камбоджа, Канада, Эквадор, Сальвадор, Гватемала, Гондурас, Үндістан, Индонезия, Иордания, Малайзия, Мексика, Пәкістан, Шри-Ланка, Тринидад және Тобаго, сондай-ақ Ұлыбританиядан әкелінетін тауарларға қолданылады. Бұл мемлекеттер мұндай өнімдердің импортына тыйым енгізген немесе АҚШ-пен жасалған келісімдер аясында оны енгізуге міндеттеме алған.
Қалған елдер үшін 12,5% мөлшеріндегі қосымша кедендік баж салығы белгіленеді. Ал Еуропалық одақ, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань және Швейцария үшін ерекше тәртіп қолданылады: бұл елдерден келетін жекелеген тауарларға 10% немесе 12,5% көлеміндегі қосымша баж ең қолайлы жағдай режимі (MFN) бойынша қолданылатын негізгі мөлшерлеменің үстіне қосымша есептеледі.