Алматыда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде
Өңірлік коммуникациялар қызметі Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаевамен бірлесіп баспасөз турын ұйымдастырды. Онда журналистерге биыл ауданда жүзеге асып жатқан негізгі абаттандыру жобаларын таныстырып, қоғамдық кеңістікті дамыту мен қалалық ортаны жақсартуға бизнестің қалай үлес қосып жатқанын баяндап берді,— деп хабарлайды newsroom.kz
Соңғы жылдары Жетісу ауданы айтарлықтай жаңарды. Мұнда жаңа алаңқайлар бой көтеріп, аулалар жаңарып, серуендеу мен демалысқа арналған жаңа қоғамдық кеңістік ашылып жатыр. Ауданды абаттандырумен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, көгалдандыру мен тұрғындарды шешім қабылдау үдерісіне тартуға ерекше көңіл бөлініпті.
Журналистердің бірінші болып аялдаған жері Жангелдин көшесіндегі алаңқай болды. Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, тұрғындардың аумағы 2,2 гектар болатын бұл аумақты жаңартуды сұрағанына бірнеше жылдай болыпты. Соның енді реті келген екен.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың маусым айында саябақты қайта жаңғыртуды бастадық. Тамыз айының соңына дейін барлық жұмыс аяқталып, жаңартылған қоғамдық кеңістік елдің игілігіне беріледі», – деп түсіндірді журналистерге аудан әкімі.
Қайта жаңғырту кезінде мұнда жинақтаушы резервуарлар арқылы жұмыс істейтін автоматты суару жүйесі толық қалпына келтірілді. Балалардың ойын алаңы жаңартылып, жарықтандыру жүйесі едәуір күшейтілді. Бұрын 40 шам болса, енді оның саны 200-ге жетіп жығылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылып, оларды аудан әкімдігі мен Полиция департаменті тәулік бойы бақылап отыратын болды.
Алаңқайда сәндік жарық элементтері, пиксельді ақпараттық экран, жаңа орындық пен қоқыс жәшіктері орнатылады. Бар ағашты сақтау мен көгалдандыру мәселесіне назардан тыс қалмай, олардың жай-күйін экология және қоршаған орта басқармасының мамандары бақылап отыр.
Келесі нысан – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған Ратушный көшесіндегі аулалар болды. Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, Жетісу ауданының тұрғындары бұл бағдарламаға жыл сайын жоғары белсенділік танытып келеді.
«Өткен жылы аудан тұрғындарынан 1319 өтініш түсті. Соның ішінде ең үлкен 25 жоба іріктеліп, қазір іске асып жатыр. Соның бірі – Ратушный көшесіндегі осы аулаларды абаттандыру жобасы», – дейді аудан әкімі.
Жоба аясында балалар мен спорт алаңы жаңартылып, жаңа қоршаулар орнатылды, автоматты суару жүйесі жүргізіліп, ландшафтық безендіру жұмысы атқарылды. Егілген ағаш пен гүлдерді таңдаудан бастап демалыс пен ойын аймақтарының орналасуына дейінгі барлық шешім тұрғындармен бірлесіп қолға алынды.
Тұрғындар атқарылған жұмыстың нәтижесін жоғары бағалап үлгерді. Жақында жаңартылған аула кеңістігінің салтанатты ашылуы өтіп, ол балалар мен ересектердің жаңа демалыс орнына айналды.
Жұмыстың барысы туралы журналистерге мердігер ұйым – «Троя» ЖШС-нің директоры Бақтияр Атажанов баяндады.
Оның айтуынша, ұзындығы шамамен 280 метр болатын алаңқайда абаттандыру жұмысы аяқталып қалыпты. Қазірдің өзінде толықтай тас төсеніш төселіп, балалар мен спорт алаңы, воркаут аймақтары жабдықталды, қауіпсіз резеңке жабын төселді. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрге жуық жерді көгалдандыру жұмысы 80 пайызға біткен.
«Автоматты суару жүйесі бүкіл аумақта жұмыс істеп тұр. Жоба бойынша келісімшарт мерзімі қазан айына дейін болғанымен, біз бар жұмысты тамыз айының соңына дейін аяқтамақ ойдамыз», – деді мердігер ұйымның өкілі.