Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Көбейтұз көлінің жай-күйіне назар аударды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, суының ерекше қызғылт реңкімен танымал Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие болады. Осы мақсатта «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы кеңейтіліп, оның құрамына Көбейтұз көлінің акваториясы енгізіледі. Бұл туралы Ақмола облысының әкімдігі мәлімдеді ,— деп хабарлайды newsroom.kz

Бұл көлдің бірегей экожүйесін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.

Елордадан 160 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз – еліміздегі ең көрікті әрі ерекше табиғи нысандардың бірі. Жыл сайын мұнда мыңдаған турист келеді. Келушілер санының артуы тиісті инфрақұрылымды дамытуды талап етеді. Осыған байланысты көлге ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жұмыстарымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі жағалау аумағын абаттандыруға кіріседі. Мұнда бақылау алаңы мен автотұрақ салынып, тұрғындар мен қонақтарға табиғи құбылысты қауіпсіз тамашалап, суретке түсіруге жағдай жасалады. Бұл ретте көлдің нәзік экожүйесіне зиян келтірмеу басты назарда болады.

Бүгінде Көбейтұз Ақмола облысының табиғи символдарының біріне айналды. Сондықтан адамдардың осы бірегей табиғи нысанмен қауіпсіз әрі жайлы танысуына, оның әсем көрінісін тамашалауына мүмкіндік бере отырып, көлге ешқандай зиян келтірмеу аса маңызды. Көбейтұзды келер ұрпаққа табиғи қалпында сақтау тек сауатты абаттандыру мен экологиялық талаптарды қатаң сақтау арқылы ғана мүмкін.