Жаңалықтар

Заң шығару жүйесі цифрлық форматқа көшеді: сарапшылар не дейді?

Цифрлық Құрылтайдың негізін заңнамалық бастамадан заң ретінде қабылдануына дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық заң жобасы картасы құрауы тиіс. Бұл пікірді Алматыда өткен «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты сараптамалық алаңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Айгерім Жүнісова айтты,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы kisi.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарапшының айтуынша, заң шығарушы билікті цифрландыру тек электрондық құжат айналымымен немесе отырыстардың онлайн-трансляциясымен шектелмеуі керек. Шынайы e-Parlament – бұл заң шығару үдерісінің ашықтығын, айқындығын және азаматтардың толыққанды қатысуын қамтамасыз ететін жаңа ұйымдастыру моделі.

Айгерім Жүнісова цифрлық шешімдерді енгізу конституциялық реформаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңінде ерекше өзектілікке ие болып отырғанын атап өтті. Жаңа Конституцияның күшіне енуі және Құрылтай сайлауының тағайындалуы елдің ашықтық, есептілік және қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне кеңінен қатысу қағидаттарына негізделген заң шығарушы биліктің жаңа моделіне көшуін білдіреді. Сарапшының пікірінше, заманауи цифрлық құралдар осы өзгерістердің ажырамас құрамдас бөлігіне айналуы тиіс.

Бүгінде заң жобаларын әзірлеуге қатысты ақпараттың көбіне әртүрлі платформаларда шашыраңқы орналасатынын, соның салдарынан азаматтар мен сарапшыларға құжаттың талқылау барысында қалай өзгергенін бақылау қиын екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселені заң жобасының бастамашысы, сараптамалық қорытындылар, енгізілген түзетулер, талқылау барысы және дауыс беру нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай цифрлық заң жобасы картасын енгізу арқылы шешуге болады. Бұл заң шығару үдерісін барынша ашық әрі түсінікті етеді деген пікір білдірді Айгерім Жүнісова.