Әлем

Нидерландыда аптап ыстықтан 900-ден астам адам көз жұмды

Нидерланды аумағында өлім-жітім деңгейінің айтарлықтай артқаны тіркелді. Әсіресе ауа температурасы рекордтық деңгейге жеткен елдің оңтүстік және шығыс өңірлерінде жағдай күрделі болды. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта институтының (RIVM) мәліметінше, 22 маусым мен 5 шілде аралығында елде болжанған көрсеткіштен 900 адамға артық қайтыс болған,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы open.kg сайтына сілтеме жасап.

Өлім-жітімнің нақты себептері әзірге анықталмағанымен, сарапшылар экстремалды ыстықтың басты факторлардың бірі болғанын айтады. Қайтыс болғандардың басым бөлігі – 80 жастан асқан азаматтар. Бұл жастағы адамдар ағза қызметінің әлсіреуі, тер бөлінуінің азаюы және сусыздану қаупінің жоғары болуына байланысты аптап ыстыққа аса осал келеді. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары және өкпенің созылмалы ауруларымен ауыратын науқастар да қауіп тобына жатады, себебі жоғары температура олардың денсаулық жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін.

Аптап ыстық кезеңінде ауа сапасының төмендеуі де халықтың осал топтары үшін денсаулыққа төнетін қауіп-қатерді күшейткен. Өлім-жітімнің артуы Нидерландының барлық өңірінде байқалғанымен, ең көп жағдайлар температура ең жоғары деңгейге жеткен оңтүстік және шығыс аймақтарда тіркелген. Өлім саны барлық жас санаттарында артқанымен, ең үлкен өсім 80 жастан асқан тұрғындар арасында байқалды.

22–28 маусым аралығында артық өлімнің 586 жағдайы тіркелген, бұл бастапқы болжамнан 100-ден астам жағдайға көп. Ал 29 маусым мен 5 шілде аралығында тағы 325 артық өлім жағдайы тіркелді. Мамандар мұны аптап ыстықтың салдары температура төмендегеннен кейін де сақталатынымен түсіндіреді, өйткені адамдар ыстыққа байланысты асқынулардан кейінірек көз жұмуы мүмкін.

Бұл аптап ыстық Нидерланды тарихында алғаш рет елдің метеорологиялық қызметі – KNMI тарапынан ауа райының аса қауіпті жағдайларына байланысты ең жоғары деңгейдегі ескерту жариялануына себеп болды. Мұндай деңгейдегі ескерту тіпті 2019 жылғы рекордтық ыстық кезінде де жарияланбаған еді.