Жаңалықтар

Мұнай ғана емес: Қытайдың миллиардтары Қазақстан өнеркәсібін қалай өзгертуде?

Қазақстан Қытайдың жаңа зауыттар мен фабрикаларға бағытталған инвестициялары бойынша әлемдік көшбасшыға айналып, Вьетнамды, Мексиканы және тіпті Еуропалық одақты басып озды. Қытай Қазақстанды енді тек шикізат көзі ретінде емес, нақты өндірістерді орналастыруға қолайлы негізгі алаң ретінде қарастырып отыр. Бұл туралы БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) зерттеуінде айтылған,— деп хабарлайды newsroom.kz

Халықаралық деректерге сәйкес, соңғы жылдары Қазақстан greenfield қағидаты бойынша (яғни, кәсіпорындарды нөлден бастап салу) өңдеу өнеркәсібіне тартылған қытайлық инвестициялар көлемі жөнінен бірінші орынға шыққан.

Өңірдегі инвестициялардың 89 пайызы Қазақстанға тиесілі

Үкіметтің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан жаңадан іске асырылатын жобаларға шамамен 19 миллиард доллар инвестиция тартқан.

«Бұл – Орталық Азиядағы жаңа өндірістерге салынған өңіраралық инвестициялардың жалпы көлемінің 89 пайызы», – деп атап өтті Үкімет.

Қазіргі таңда Қазақстандағы ең ірі шетелдік инвесторлар тізімі мынадай:

• Нидерланд – 4,6 млрд доллар;

• Ресей – 2,9 млрд доллар;

• Қытай – 2,8 млрд доллар;

• Біріккен Араб Әмірліктері – 1,6 млрд доллар;

• Сингапур – 1,4 млрд доллар.

Батыс пен Қытай инвестициясының айырмашылығы қандай?

Tradereport сарапшылары ел экономикасындағы маңызды өзгерістерге назар аударды. Америкалық және еуропалық инвесторлар Қазақстаннан кеткен жоқ, алайда олардың қызығушылығы көп жылдан бері өзгеріссіз қалып отыр.

Батыс елдері негізінен:

• мұнай мен газ өндіруге;

• стратегиялық маңызы бар металдар мен минералдарды игеруге;

• азық-түлік өнеркәсібінің жекелеген салаларына инвестиция салуды жөн көреді.

Ал Қытай капиталы мүлде басқа бағытты ұстанып отыр. Пекин дайын кен өндіру активтерін сатып алудан гөрі, Қазақстанда жаңа зауыттар мен өндіріс орындарын нөлден бастап салуға басымдық беруде.


«Қазақстан Қытай үшін өндірістерді орналастыруға қолайлы әрі болашағы зор алаң ретінде қарастырыла бастады. Бұл – шикізаттық модельден сапалы түрде жаңа кезеңге көшу», – дейді сарапшылар.

Осы тұрғыдан алғанда, инвестициялар ағыны ерекше маңызға ие. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елге тартылатын шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі біршама төмендегенін мәлімдеген еді.

Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың «нөлден» салатын жаңа зауыттары Қазақстан экономикасының өсімін қолдайтын маңызды драйверлердің біріне айналуы мүмкін.