Қытайда тайфун салдары: Бөгет бұзылып, фермадан 900-ге жуық жылан қашып кетті
Қытайдың оңтүстігінде тайфун мен қатты су тасқынынан кейін жылан өсіретін фермадан шамамен 900 жылан қашып шықты,— деп хабарлайды newsroom.kz
Global Times газетінің хабарлауынша, қуатты тайфуннан зардап шеккен Гуанси провинциясында су тасқыны салдарынан Люлань бөгеті бұзылған.
Күшті су ағыны су басқан аймақта орналасқан жылан фермасының қорғаныс қабырғалары мен қоршауларын қиратып, нәтижесінде шамамен 900 бауырымен жорғалаушы еркіндікке шыққан.
Жүздеген жылан, оның ішінде аса қауіпті кобралар таралған Дэнвэй ауылында төтенше жағдай режимі жарияланды.
Ауыл тұрғындары арасында дүрбелең басталды. Оқиға орнынан түсірілген кадрларда жүздеген жыланның су басқан көшелерде жүзіп, үйлердің терезелеріне өрмелеуге тырысқаны көрінеді.
Кей жерлерде су деңгейі белге дейін жеткен ауыл тұрғындары жыландардан бамбук таяқтарының көмегімен қорғануға мәжбүр болған.