Синоптиктердің мәліметінше, желдің ең жоғары жылдамдығы сағатына шамамен 200 шақырымға жеткен «Бави» Тайваньның оңтүстік-шығысында орналасып, аралға қарай жылжып келеді. Тайвань билігі елдің солтүстігіндегі таулы аймақтарда, соның ішінде Тайбэй маңында жауын-шашын мөлшері 1 метрге дейін жетуі мүмкін екенін ескертті.
Тайвань Қорғаныс министрлігі ықтимал апатқа дайындық мақсатында шамамен 29 мың әскери қызметкерді жоғары дайындық режиміне көшірді. Билік бұл тайфун 2024 жылғы «Конг-рей» тайфунынан бергі ең жойқын табиғи апаттардың бірі болуы мүмкін деп отыр.
Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығының болжамынша, ені шамамен 1000 шақырымға жететін дауыл Тайваньның солтүстігін жанай өтіп, сенбі күні кешке елдің шығысындағы Фуцзянь провинциясына соғады.
«Соңғы жылдары мұндай ауқымдағы дауылдар өте сирек болды», – деді Тайваньның Орталық метеорологиялық басқармасының маманы Джейсон Чанг.
Ал Қытайда осы аптада Гуанси өңірінде кемінде 39 адамның өмірін қиған «Майсак» тайфунынан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Тағы 9 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Ғалымдардың айтуынша, аймақтағы экстремалды ауа райы құбылыстарының күшеюі климаттың өзгеруімен байланысты. Сонымен қатар, «Эль-Ниньо» құбылысының қалыптасу қаупі дауылдардың күшеюіне ықпал етуі мүмкін деген алаңдаушылық бар.
Жапонияның Метеорологиялық агенттігі де Окинава префектурасының тұрғындарын аптаның соңына қарай қатты жел, су тасқыны, көшкін және теңіздегі дауылды толқындар қаупі туралы ескертті.