Әлем

Қытайда таулы аймақта болған көшкіннен 5 адам қаза тапты

Қытайдың батысындағы Ганьсу провинциясының таулы ауданында сейсенбі күні болған көшкін салдарынан кемінде 5 адам қаза тауып, тағы 12 адам үйінді астында қалып отыр,—деп хабарлайды newsroom.kz

Көшкін таңертең ерте Таньчан уезінде болып, 33 адамды үйінді астында қалдырған. Түске дейін құтқарушылар 21 адамды шығарып үлгерді. Алайда олардың бесеуі көрсетілген медициналық көмекке қарамастан көз жұмды.

Зардап шеккендердің басым бөлігі – жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Олар осы өңірдегі мемлекеттік орман шаруашылығы кәсіпорнында уақытша жұмыс істеген. Көшкіннің нақты неден болғаны әзірге белгісіз.

Тік таулы бедері мен өзен аңғарлары көп бұл өңір табиғи апаттарға, әсіресе жаңбырлы маусымда болатын су тасқындары мен көшкіндерге жиі ұшырайды. Сонымен қатар аймақ Цинхай–Тибет үстіртінің шығыс шетінде орналасқан. Геологиялық тұрақтылығы 2008 жылғы Вэньчуаньдағы жойқын жер сілкінісінен кейін әлсіреген.

Соңғы жылдары өңірде нөсер жауыннан кейін бірнеше рет көшкін тіркелген. 2020 жылдың тамызында болған көшкіндер салдарынан кемінде 5 адам қаза тауып, 72 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған. Экономикалық шығын көлемі 8,2 млрд юаньды құраған. Ал 2010 жылы көршілес Чжоуцю уезіндегі алапат көшкін 1500-ден астам адамның өмірін қиған.