Елордада Қазақ ұлттық спорт университеті ашылды
Астанада Орталық Азиядағы спорт ғылымы мен жоғары білікті мамандар даярлау бағытындағы ең ірі білім беру жобаларының бірі – Қазақ ұлттық спорт университетінің ресми ашылу рәсімі өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz
Салтанатты шара New Era of Sport: KNUS 2026 халықаралық форумы аясында ұйымдастырылып, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық спорт федерацияларының басшылары, олимпиадалық қозғалыс мүшелері және академиялық қауымдастық өкілдері қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) президенті Ненад Лалович, Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) президенті Влад Маринеску, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) өкілі Piechota Rafal Lesze, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының жетекшілері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Университетті соңғы бес жыл бойы жүйелі түрде жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңінің аяқталғанын білдіретін маңызды оқиға – жаңа кампустың ашылуы болды. Осы уақыт ішінде оқу орны халықаралық әріптестігін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін нығайтып, жоғары жетістіктер спорты, бұқаралық спорт және спорт индустриясы үшін мамандар даярлайтын заманауи білім беру экожүйесін қалыптастырды.
Қазақ ұлттық спорт университетінің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу жаңа кампустың ашылуы Қазақстанда спорт саласына арналған заманауи білім беру және ғылыми платформаны қалыптастыру жолындағы бес жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, университет уақыт талабына жауап беретін білім ордасы ретінде құрылып, бүгінде халықаралық деңгейде ел намысын қорғай алатын жаттықтырушыларды, ғалымдарды, спорт дәрігерлерін, педагогтер мен спорт менеджерлерін даярлайтын маңызды орталыққа айналып келеді.
"Бес жылдың ішінде университет білімге ұмтылыс, талант пен еңбек тоғысқан үлкен орталыққа айналды. Бүгін біз берік іргетас қалағанымызды мақтанышпен айта аламыз. Алдымызда бұдан да ауқымды жетістіктер, халықаралық мойындалу, ғылым мен спорттағы жаңа жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Қазақ ұлттық спорт университеті озық білім мен инновацияның, болашақ чемпиондар мен ел көшбасшыларын тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады", – деді университеттің құрылтайшысы Нұрасыл Медеу.
Шара барысында Біріккен күрес әлемі ұйымының (UWW) президенті Ненад Лалович Қазақстанның әлемдік күрес спортының дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалап, халықаралық талаптарға сай спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт менеджерлерін даярлайтын заманауи білім беру базасының маңыздылығына тоқталды.