Әли Хаменеймен қоштасу рәсіміне 30-дан астам елдің делегациялары қатысады
Тегеранда Иранның Жоғарғы көшбасшысы, аятолла Әли Хаменеймен қоштасу рәсімі өтеді. Оған 30-дан астам елдің ресми делегациялары қатысады. Бұл туралы қаралы іс-шараларды ұйымдастыру штабының хатшысы Әли Акбар Пурджамшидиан мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы az.sputniknews-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта рәсімге қатысуға әлемнің 90-нан астам елінен ресми өтінім түскен. Олардың қатарында мемлекет басшылары, жоғары лауазымды тұлғалар және діни қайраткерлер бар. Сондай-ақ көршілес мемлекеттердің делегацияларына ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, Ирак, Пәкістан және Ауғанстан рәсімге қатысуға дайын екенін білдірді. Шетелдік делегациялардың келуі мен қатысуына қатысты барлық ұйымдастыру жұмыстарын халықаралық комитет үйлестіреді.
ISNA агенттігінің мәліметінше, қоштасу рәсіміне Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян да қатысуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Иран парламентінің армян текті депутаты Ара Шахвердян хабарлады. Сонымен қатар Тегеранға Әзербайжан делегациясы келеді. Оны Милли Мәжіліс төрайымы Сахиба Гафарова бастап келеді.
Пурджамшидианның айтуынша, мемлекет басшыларының, жоғары лауазымды тұлғалардың және шетелдік делегациялардың қатысуымен өтетін негізгі рәсім 3 шілдеде Тегеранда ұйымдастырылады.
Бұған дейін Иран билігі қоштасу және жерлеу рәсімдері бірнеше кезеңмен өтетінін мәлімдеген болатын. Тегеранда іс-шаралар 4–6 шілде аралығында, Құм қаласында 7 шілдеде, ал Мешхедте 9 шілдеде өтеді.
Сонымен қатар қоштасу рәсімдері Иракта да ұйымдастырылады. Бұл туралы Тегеранда өткен брифингте Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи мәлімдеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, делегациялар мен қатысушылар 8 шілдеде шииттер үшін қасиетті саналатын Кербала мен Наджаф қалаларында өтетін рәсімдерге жеткізіледі.