Freedom Holding-тің Түркиядағы ірі мәмілесі мақұлданды
Freedom Holding Corp. (FRHC) еншілес компаниясы - Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. Turkish Bank A.Ş. акционерлік капиталының 99,32%-ын сатып алуға Түркияның Банктік реттеу және қадағалау агенттігінен (Banking Regulation and Supervision Agency, BRSA) және Түркияның Монополияға қарсы басқармасынан (Competition Authority) мақұлдау алғанын жариялады,— деп хабарлайды newsroom.kz
BRSA мен Монополияға қарсы басқарманың мақұлдауын алу -негізгі дамып келе жатқан нарықтарда қаржылық қызметтердің толық интеграцияланған экожүйесін құру бойынша FRHC-тің ұзақ мерзімді стратегиясының бөлігі болып табылатын мәмілені аяқтау жолындағы маңызды қадам болды.
Мәміле аяқталғаннан кейін, өз тарихын 1982 жылдан бастау алатын Түркияның беделді банктерінің бірі - Turkish Bank A.Ş. Холдингтің брокерлік қызметтер, инвестициялық бизнес және капитал нарығындағы операциялар саласындағы қызмет бағыттарын толықтыра отырып, оның кеңейіп жатқан өңірлік платформасының негізгі элементіне айналады.
Сатып алынғаннан кейін Turkish Bank A.Ş. Түркияның тиісті реттеуші органдарының қадағалауымен жұмысын жалғастырады және Freedom-ның цифрлық қаржылық сервистер, заманауи сату және қызмет көрсету арналары, сондай-ақ клиенттердің қажеттіліктеріне бағытталған өнімдерді әзірлеу саласындағы сараптамасын пайдалана алады.
2026 жылғы ақпанда қол қойылған акцияларды сатып алу-сату шартына (SPA) сәйкес, мәміленің нысанасы тек Turkish Bank A.Ş. TurkishBank Group-тың Ұлыбритания мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасындағы банктік бөлімшелері, сондай-ақ осы топтың басқа да активтері мәміле периметріне кірмейді.
Freedom Holding Corp. Бас атқарушы директоры Тимур Турлов:
«Freedom үшін Түркия – стратегиялық маңызы зор нарық. Біз бұл бағытқа нақты мақсатпен және айқын көзқараспен кіріп отырмыз. Қазақстанда цифрлық экожүйенің адамдардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айнала алатынын дәлелдедік. Іске қосылғанына екі жылға да жетпеген уақытта Freedom SuperApp-ты пайдаланушылар саны 5,67 миллионға жетіп, ол елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан цифрлық сервиске айналды. Біз қаржылық қызметтер мен озық цифрлық өнімдерді бір платформаға біріктірдік. Олар бір-бірін табиғи түрде толықтырып, өзара күшейтеді. Енді осы тәжірибені Түркия нарығына алып келуді көздеп отырмыз. Бұл елдегі әлеуетті клиенттер саны Қазақстанмен салыстырғанда төрт-бес есе көп болуы мүмкін. Банкті сатып алу бізге тиімділігі дәлелденген осы үлгіні ауқымды түрде дамытуға берік негіз қалайды, ал BRSA-ның мақұлдауы оны әлемдегі ең серпінді нарықтардың бірінде іске асыру жолындағы маңызды қадам болды».