Өзбекстан халқының саны 39 миллионнан асты
Алдын ала халық санағының қорытындысына сәйкес, 2026 жылғы 15 қаңтардағы жағдай бойынша Өзбекстан халқының саны 39 миллионнан асты. Бұл туралы Бұл туралы 30 маусымда Ұлттық статистика комитетінің төрағасы Бехзод Хамраев халық пен ауыл шаруашылығы санағының алдын ала нәтижелерін таныстыру барысында мәлімдеді— деп хабарлайды newsroom.kz порталы gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ел халқының саны 39 миллион 47 мың 321 адамды құрады. Бұл бұрынғы статистикалық есептеулерде көрсетілген 38,24 миллион адамнан 810 мың 617 адамға немесе 2,1%-ға көп.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ерлер саны – 19,77 миллион адам (50,6%), ал әйелдер саны – 19,28 миллион адамды (49,4%) құрайды.
Этникалық құрамы бойынша халықтың басым бөлігін өзбектер құрайды – 34,9 миллион адам немесе жалпы халықтың 89,4%-ы. Одан кейін тәжіктер – 1,28 миллион (3,27%), қарақалпақтар – 841,4 мың (2,15%), қазақтар – 707,33 мың (1,81%), орыстар – 606,53 мың (1,55%).
Сондай-ақ елде 219,1 мың қырғыз (0,56%), 194,76 мың түрікмен (0,5%) тұрады. Өзге этнос өкілдерінің саны 300,02 мың адамды немесе халықтың 0,77%-ын құрайды.
Өзбек тілін ана тілі ретінде 35,7 миллион адам немесе халықтың 91,3%-ы көрсеткен. Бұл көрсеткіш этникалық өзбектердің үлесінен (89,4%) 1,9 пайыздық тармаққа жоғары.
Алдын ала санақ нәтижесіне сәйкес, халықтың басым бөлігі қалаларда тұрады. Қала тұрғындарының саны 21,3 миллион адамды немесе жалпы халықтың 54,5%-ын құрайды. Ауылдық жерлерде 17,8 миллион адам немесе халықтың 45,5%-ы тұрады.