Жаңалықтар

Мәһр қандай болуы керек? ҚМДБ түсіндірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы неке қию кезінде сақталуы тиіс негізгі талаптарға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz мәлімдеді, – деп хабарлайды newsroom.kz.

ҚМДБ өкілдерінің айтуынша, шариғат бойынша екі тараптың өзара келісімі болмаса, неке дұрыс болып саналмайды. Сондай-ақ неке қиюдың төрт негізгі шарты бар. Олар – қыздың ата-анасының келісімі мен ризашылығы, куәгерлердің қатысуы, некеге кедергі болатын жағдайлардың болмауы және мәһрдің белгіленуі.

«Мәһр – күйеу жігіттің неке қию кезінде қалыңдығына өз ықыласымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында оның ең төменгі мөлшері 10 дирхам болып белгіленген. Сахабалар заманында бұл бір алтын динардың құнына тең болған. Қазіргі есеппен шамамен 4,25 грамм алтынның немесе соған сәйкес ақшалай қаражаттың құнына сай келеді. Мәһрдің мөлшерін белгілегенде күйеу жігіттің материалдық жағдайы мен екі отбасының мүмкіндігі ескерілуі қажет. Ол шамадан тыс көп болып, жігітке ауыртпалық түсірмеуі де, тым аз болып, қалыңдықтың көңіліне қаяу салмауы да маңызды», – деп түсіндірді ҚМДБ.

Сондай-ақ басқарма күйеу жігіттің мәһрді толық көлемде бірден бере алмаған жағдайда, оның бір бөлігін неке кезінде ұсынып, қалғанын кейін өтеуіне шариғатта рұқсат берілетінін айтты.

Дін мамандарының сөзінше, мәһрдің мәні оның көлемінде емес. Бұл – ер азаматтың қалыңдығына деген құрметі мен жауапкершілігінің белгісі. Сондықтан оның мөлшері екі жақтың өзара келісімімен және отбасының жағдайына қарай белгіленгені дұрыс.