Жаңалықтар

Қазақстандағы мал басы көбейіп келеді: елде қанша бас мал бар?

Қазақстанда мал шаруашылығы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еліміздегі негізгі түлік түрлерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан,— деп хабарлайды newsroom.kz

Елімізде бүгінде:

• Ірі қара мал – 9,8 миллион бас;

• Қой – 23,5 миллион бас;

• Жылқы – 5,1 миллион бас;

• Түйе – 322 мың бас;

• Құс – 48,2 миллион бас.

Мамандардың айтуынша, мал басының көбеюі ет өндірісінің де артуына ықпал етіп отыр. 2026 жылдың алғашқы төрт айында елімізде барлық санаттағы шаруашылықтарда 338 мың тоннадан астам ет өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Саланың оң динамикасы мемлекеттік қолдау шараларының, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламаларының және фермерлерге көрсетілетін қаржылай көмектің нәтижесі ретінде бағалануда. Сонымен қатар мал өнімдерінің өндірісі артып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейі жақсарып келеді. 

Мал шаруашылығы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі салалардың бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, мал басының көбеюі алдағы уақытта ет пен сүт өндірісін ұлғайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.