Қазақстанда 66 журналист баспаналы болды
Президент тапсырмасымен бүгін ел өңірлерінде жұмыс істейтін журналистерге пәтер кілті табысталды, – деп хабарлайды newsroom.kz
Отандық медиа саласының қаламы қарымды журналистері ерекше құрметке ие болды. Президент Қасым Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін шын жүректен мерекелерімен құттықтап,
жылда дәстүрге айналған арнайы сый сыяпаттарын да табыстады.
– Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан медиа саласы қызметкерлеріне тұрақты қолдау көрсетіліп, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
– Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін! – деді Президент.
Президенттің тапсырмасымен жас ғалымдарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасып келеді. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мұндағы басты мақсат – ғылым саласында еңбек етіп жүрген жас мамандарды қолдап, олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасау. Арнайы комиссияның шешімімен ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында қызмет ететін жас ғалымдарға пәтер берілді. Соңғы үш жылда бұл тоқтаусыз іске асырылып келе жатыр. Мәселен, 2024–2026 жылдары Алматы мен Астана қалаларында 132 пәтер өтеусіз негізде табысталса, 2023–2026 жылдар аралығында жалпы 656 жас ғалым баспаналы болды.
«Dara» президенттік бастамалар қорының ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиында Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне ізгі тілегін білдіріп, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған журналистерді қолдау бағдарламасы төрт жылдан бері тұрақты түрде іске асырылып келе жатқанын мәлімдеді. Пәтерлерге тек Астанадағы журналистер ғана емес, сонымен қатар еліміздің өңірлеріндегі журналистер де қол жеткізді.

– «Бұл бастаманың мақсаты – журналистерді қолдау және аймақтық журналистиканы дамыту. Биыл еліміздің ең шалғай түкпірлеріндегі әріптестеріміз де өз баспаналарына ие болады. Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Түркістан облысының Созақ ауданынан келген журналистер қоныс тойын тойлайды», – деді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, Қазақстанда 2019 жылдан бастап Үкімет қаулысымен 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі күні болып бекітілді.
Осылайша, журналистердің тынымсыз еңбегі тағы бір мәрте лайықты бағаланды. Ал мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау ақпарат саласының одан әрі дамуына негіз болары анық.