Әлем

Үндістандағы дайындық мектебінде болған өрттен кемінде 15 адам қаза тапты

Өрт жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 15:00-де Алигандж ауданындағы Уша Мехта Марг көшесінде орналасқан мектеп ғимаратында шыққан. Куәгерлердің айтуынша, жалын ғимарат ішінде өте жылдам таралып, ондаған оқушыны сыртқа шығуға мүмкіндік бермей қамап тастаған. Кейбір балалар аман қалу үшін терезеден секіруге мәжбүр болған,— деп хабарлайды newsroom.kz

Зардап шеккендер Король Джордж атындағы медицина университетінің травматология орталығына жеткізілді. Жергілікті биліктің мәліметінше, шамамен 21–22 адам жарақат алған, олардың 15-і ауруханаға жеткізілген кезде көз жұмған.

Оқиға орнына 14 өрт сөндіру жасағы жіберілді. Құтқарушылар өртті оқшаулап, іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады. Билік өкілдері ғимарат ішінде қамалып қалған адамдардың қалмағанын хабарлады.

Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Құрбандардың туыстарына материалдық көмек көрсетілетіні мәлім болды.

Ал Уттар-Прадеш штатының бас министрі Йоги Адитьянатх қайғылы оқиғаның себептерін жан-жақты тергеп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.