Esil University: Халықаралық серіктестік пен ғылымға негізделген даму жолы
Esil University – Қазақстан астанасындағы заманауи, жетекші университет. Университет ректоры Аяпберген Алданайұлы, 1913 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары негізін қалаған «Qazaq» газетіне сұхбат берді,— деп хабарлайды newsroom.kz
— Аяпберген Алданайұлы, 1913 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары негізін қалаған «Qazaq» газетіне өзіңіз басқарып отырған іргелі білім ордасының ахуалы турасында кеңірек әңгіме қозғау үшін уақыт бөлгеніңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Ел астанасындағы заманауи үлгідегі оқу орны маман даярлауда басты басымдықты не нәрсеге беріп отыр? Сұхбатымыздың кіріспесін университеттің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері жайында әңгімеден бастасақ.
– Рақмет. «Qazaq» газетінің отандық баспасөз тарихындағы орны бөлек. Сондықтан Сіздердің басылымға сұхбат беру мен үшін үлкен мәртебе.
Университеттің тарихы тереңнен бастау алады. 1999 жылы әйгілі Нархоздың елордалық филиалы ретінде іргетасы қаланып, кейіннен Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті ретінде елімізге танылды. Ал 2022 жылы жаңа стратегиялық көзқарасқа сай ребрендинг жасалып, Esil University болып өзгердік. Бүгінде Esil University еңбек нарығына экономикалық және цифрлық бағыттар бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отырған жетекші оқу орны ретінде қалыптасып келеді.
Университетіміздің серпінді дамуының басты көрсеткіші білім алушылар контингентінің жыл санап артуы. Мысалы, 2022 жылы студенттер саны 2100-ді құраса, 2023-2024 оқу жылында 2384-ке, 2024-2025 оқу жылында 3243-ке, ал ағымдағы 2025-2026 оқу жылында 4843 студентке жетіп отыр. Біз еңбек нарығының тамырын дөп басып, дәл қазір үлкен сұранысқа ие заманауи мамандықтар мен жаңа біліктілік бағдарламаларын белсенді енгізіп жатырмыз. Біздің басты басымдығымыз сапалы білім мен тәжірибені ұштастыру болып қала береді.
– Ынтымақ ырысқа бастайды, толағай табыстарға жол ашады. Университеттің шетелдің жетекші білім ордаларымен байланысы қандай? Қарым-қатынастар оңтайлы жолға қойылған ба? Қандай бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеп, өзара тәжірибе алмасып жатырсыздар?
– Халықаралық ынтымақтастық – біздің дамуымыздың негізі. Қазіргі таңда Esil University 97 шетелдік серіктеспен тығыз байланыс орнатқан. Бізде студенттерге әлемдік деңгейде білім алуға кең мүмкіндіктер жасалып отыр. Мысалы, Оңтүстік Кореяның Kangnam University, Польшаның University of Economics and Applied Sciences және Францияның College de Paris оқу орындарымен қос дипломды бағдарламаларымыз сәтті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ERASMUS+ бағдарламасы аясында Испанияның Valladolid University университетімен, сонымен қатар Венгрия, Түркия, Әзірбайжан және Оңтүстік Кореяның жетекші ЖОО-ларымен академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүйелі түрде іске асырылуда.
Ерекше мақтанышпен айта кететін жайт, 2023 жылы Esil University Қазақстанда тұңғыш рет Ұлыбританияның беделді CMI (Chartered Management Institute) халықаралық ұйымымен келісімге келді. Төрт білім беру бағдарламамыз СМІ Recognition мәртебесін алып, студенттеріміз оқу бітіргенде халықаралық деңгейдегі сертификатталған диплом алу мүмкіндігіне ие болды.
– Ғылыми әлеуетті нығайту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына енудің басты қадамы. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қояды. Esil университеті кадрлар даярлаудан басқа, сондай-ақ іргелі ғылымның дамуына өз үлесін қосып келе ме?
– Иә, Esil University кадрлар даярлаумен қатар, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға да ерекше мән береді. Бүгінде университеттің ғылыми әлеуетін нығайту бағытында нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және гранттық қаржыландыру аясында жалпы көлемі 3,9 млрд теңгеден астам ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын келісімшарттық тақырыптар бойынша 3,2 млрд теңгеден астам қаражат тартылған.
Ғылымды одан әрі дамыту үшін университет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Профессор-оқытушылар құрамы гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарына белсенді қатысуға ынталандырылуда. Сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру, аудиториялық қорды жаңарту, жаңа зертханалар ашу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек, университет оқытушыларының Scopus және Web of Science сияқты халықаралық дерекқорларда индекстелетін журналдарда ғылыми мақалалар жариялауына жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін университет ғалымдарының қатысуымен аталған дерекқорларда 250-ден астам ғылыми мақала жарияланды. Сонымен қатар, авторлық куәліктер алу, ғылыми әзірлемелерді тіркеу және зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу мәселелері де назардан тыс қалған емес.
Жалпы алғанда, Esil University ғылымды дамытуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және отандық жоғары білім мен зерттеу кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге өз үлесін қосып келеді.