Ақтөбе облысындағы той: 100-ден астам адам уланды
Ақтөбе облысында өткен тойдан кейін жаппай улану оқиғасы тіркелді. Қандыағаш қаласындағы мейрамханаға барған 102 адам аурухана төсегіне таңылды. Қазір мекеменің қызметі уақытша тоқтатылып, мамандар тұрғындардың неден уланғанын анықтауда,— деп хабарлайды newsroom.kz
Ресми мәліметке сәйкес, ішек инфекциясының өршуі Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, алғашқы науқастар 19 маусым күні медициналық көмекке жүгіне бастаған.
«Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы “Тұмар” мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясы жағдайларының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. 2026 жылғы 19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас жатқызылды. Оның ішінде 34 адамнан сальмонеллездің ықтимал жағдайы анықталды. Осы деректер бойынша Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін қажетті сынамалар алынды», – деп хабарлады Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы.