Жаңалықтар

Ауғанстанда шенеуніктерге смартфон пайдалануға тыйым салынды

Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының әскери соты мемлекеттік қызметкерлерге смартфон пайдалануға тыйым салды. Жаңа шектеу тек жұмыс орнында ғана емес, үй жағдайында да қолданылады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Afghanistan International басылымының хабарлауынша, тиісті бұйрық елдегі сегіз өңірлік әскери соттың басшыларына жолданған. Оларға жаңа талаптардың жергілікті жерлерде орындалуын қамтамасыз ету тапсырылған.

Құжатқа сәйкес, тыйым талаптарын бұзғандардың смартфондары тәркіленіп, жойылады, ал олардың иелері жазаланатын болады. Ерекше жағдайда ғана «Талибан» қозғалысының жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахундзаданың жазбаша рұқсатымен смартфон қолдануға мүмкіндік беріледі.

Әлеуметтік желілерде қозғалыс өкілінің бұйрық мәтінін телефоннан оқып тұрғаны, ал жанындағы адамның смартфондарды көпшілік алдында сындырып жатқанын көрсететін видео да тарады.

Тыйым «Талибан» әкімшілігінен жалақы алатын барлық қызметкерлерге қатысты енгізілген.

The Guardian басылымының мәліметінше, жаңа ережелер елдің әртүрлі аймақтарында әрқалай қолданылып жатыр. Кейбір өңірлерде шектеулер шенеуніктермен қатар әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, мұғалімдерге, студенттерге және басқа да азаматтық тұрғындарға да тарала бастаған.

Басылым дереккөздері билік өкілдері осылайша қоғамның реакциясын бақылап, кейін ел көлемінде смартфондарды пайдалануға кең ауқымды тыйым енгізу мүмкіндігін қарастырып отырған болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.