2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты: матч нәтижелері мен турнирлік кесте
2026 жылғы 11 маусым мен 19 шілде аралығында Канада, АҚШ және Мексикада футболдан әлем чемпионаты өтуде. Olympics басылымы 2026 жылғы әлем чемпионатының матч нәтижелері мен топтардағы жағдайды ұсынады,— деп хабарлайды newsroom.kz
2026 жылғы әлем чемпионаты жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. ФИФА-ның футболдың жаһандық ауқымын кеңейту бағдарламасы аясында финалдық кезеңге алғаш рет 48 құрама қатысуда. Бұған дейін, 1998–2022 жылдар аралығындағы әлем чемпионаттарының финалдық кезеңінде 32 команда бақ сынаған еді.
Турнир матчтары 16 қалада өтеді. АҚШ-та ойындар Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк, Филадельфия, Сан-Франциско және Сиэтл қалаларында ұйымдастырылады. Мексика атынан Гвадалахара, Мехико және Монтеррей қалалары қабылдаушы болса, Канададан Торонто мен Ванкувер таңдалған.
48 құрама төрт командадан тұратын 12 топқа бөлінген. Турнирді қабылдаушы үш ел – АҚШ, Канада және Мексика автоматты түрде қатысу құқығына ие болды. Қалған құрамалар іріктеу кезеңінен өтті.
Топтық кезең 11–27 маусым аралығында өтеді. Командалар бір-бірімен айналым жүйесі бойынша ойнап, әрқайсысы үш матчтан өткізеді.
Плей-офф кезеңіне әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар, сондай-ақ үшінші орын алған құрамалар арасынан үздік сегіз команда жолдама алады.
1/16 финал матчтары 28 маусым мен 3 шілде аралығында, 1/8 финал кездесулері 4–7 шілдеде өтеді. Ширек финалдар 9–11 шілдеге, жартылай финалдар 14–15 шілдеге жоспарланған.
Үшінші орын үшін матч 18 шілдеде Майами қаласында өтеді. Ал әлем чемпионы анықталатын финалдық кездесу 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife Stadium стадионында өтеді.