Әлем көз тіккен дода: Чемпионат Солтүстік Америкада басталды
Солтүстік Америкада өтетін футболдан әлем чемпионаты жаңартылған форматта ұйымдастырылуда: тарихта алғаш рет турнирге бірден 48 ұлттық құрама қатысады. Бұған дейін әлем чемпионаттарына 32 команда ғана қатысып келген,— деп хабарлайды newsroom.kz
Биылғы дода бірнеше рекордпен ерекшеленеді. Атап айтқанда, әлем чемпионаты алғаш рет Канаданың аумағында өтеді, алғаш рет үш мемлекет бірлесіп қабылдайды, сондай-ақ Мексика тарихта тұңғыш рет турнирді үшінші мәрте өткізетін ел атанады. Бұдан бөлек, футболдан әлем чемпионатына алғаш рет Иордания, Кабо-Верде, Кюрасао және Өзбекстан құрамалары қатысады.
Турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Финалдық кездесу чемпионаттың соңғы күні — 19 шілдеде Нью-Джерси штатындағы MetLife Stadium стадионында жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00-де басталады.
Әлем чемпионатының матчтары 16 қалада өтеді. Ең көп ойын АҚШ-та ұйымдастырылады — елдегі 11 стадионда барлығы 78 матч өтеді. Ал Мексика мен Канадада 13 матчтан өткізіледі: Мексикада ойындар үш стадионда, Канадада екі стадионда өтеді.