Түркістанда 512 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді
Мемлекеттік рәміздер күні Түркістан қаласында 512 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Осылайша үш мыңнан астам тұрғын баспаналы болып, көптен күткен қуанышқа кенелді. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, қоныс иелерін құттықтады.
Түркістан қаласында Мемлекеттік рәміздер күніне орай жүздеген отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Қаладағы жаңа тұрғын үйлерден 512 отбасыға пәтер беріліп, үш мыңнан астам азамат қоныс тойын атап өтті.
Пәтер кілттерін табыстау рәсімінде сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтап, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 3564 азамат баспаналы болса, биыл тағы 2292 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күні 512 отбасының жаңа қонысқа ие болуы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі саналады.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа тұрғын үйлердің тазалығы мен күтіміне жауапкершілікпен қарауға шақырып, аулаларды көгалдандыру мен абаттандыру ісіне белсенді қатысу қажеттігін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.
Жаңа пәтерлер Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен берілді. Қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылар бар.
Айта кетейік, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Соған сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, кезек жүргізу және баспананы бөлу қызметтері «Отбасы банк» АҚ-ның құзырына өтті. Осы жолы пәтер алған тұрғындар жаңа тәртіп аясында банк арқылы іріктеліп, жолдама алған алғашқы азаматтардың қатарын толықтырды.
Жаңа қонысқа ие болған отбасылар үшін бұл күн тек мерекелік дата ғана емес, көптен күткен арманның орындалған сәті ретінде есте қалмақ.