Эбола індеті күшейді: вирус белгілері бар 5 адам қашып кеткен
Конго Демократиялық Республикасының (КДР) Итури провинциясында Эбола қызбасының белгілері анықталған бес тұтқын бақылаудан қашып кеткен. Бұл туралы Okapi радиосы мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz
Өткен аптаның соңында Буния орталық түрмесіндегі бес тұтқыннан вирус белгілері байқалған. Аурудың түрме ішінде таралуын болдырмау үшін денсаулық сақтау органдары оларды шұғыл түрде басқа жерге ауыстыру туралы шешім қабылдады: екеуі Буния ауруханасына жатқызылса, қалған үшеуі Рвампарадағы емдеу орталығына жеткізілген.
Полицейлер жұқтырып аламыз деген қауіппен оларды күзетпеген. Осыны пайдаланған Буниядағы екі тұтқын 30 мамырдан 31 мамырға қараған түні қашып кеткен. Ал 1 маусым күні таңертең Рвампарадағы тағы үш тұтқын ізінше бой тасалаған.
Қазіргі уақытта жергілікті билік қашқындарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аурудың таралуының алдын алу үшін БҰҰ-ның КДР-дегі тұрақтандыру миссиясы Эбола жұқтырды деген күдік бар тұтқындарға арналған арнайы транзиттік орталық ашуды жоспарлауда. Сондай-ақ, католиктік Caritas ұйымы түрмедегі 25 «тәлімгерді» жеке қорғаныс шараларын түсіндіру жұмыстарына оқытпақ.
Мамыр айында ДСҰ Конго мен Угандадағы Эбола індетінің өршуіне байланысты халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай режимін жариялаған болатын. Аурудың қоздырғышы ретінде Бундибугью штаммы анықталған.
КДР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, Эбола қызбасын жұқтырудың 363 жағдайы расталған. 116 адам карантинде жатыр, ал 62 адам көз жұмған. Ал Uganda аумағында аурудың 15 расталған жағдайы тіркеліп, оның біреуі өліммен аяқталған.