Жаңалықтар

Қазақстанда балмұздақ шамамен 20%-ға қымбаттады

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында балмұздақтың тұтыну бағалары индексі жылдық мәнде 119,5%-ды құрады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Өткен жылдың осы кезеңінде балмұздақ пен шербет бағасы да өскен болатын, алайда өсім әлдеқайда төмен – 11,4% деңгейінде болған.

Бағаның өсуі нарықтық әрі өндірістік факторлармен байланысты. Әсіресе нарықтық жағдайларға тәуелді қымбаттау өңірлер арасындағы айырмашылықтардан анық байқалады. Тіпті көршілес облыстардың өзінде баға индексі айтарлықтай өзгеше болған. Мәселен, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында Ақмола облысында балмұздақ бағасы 34,4%-ға өссе, көршілес Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 1,5%-ға ғана қымбаттаған. Сарапшылар мұндай айырмашылыққа шекаралас өңірлердегі импорттың әсері болуы мүмкін екенін айтады.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында балмұздақ бағасының ең жоғары өсімі Ақмола облысынан бөлек, Маңғыстау (33,1%), Түркістан (32,9%) және Ұлытау (30,6%) облыстарында тіркелді. Республикалық орташа көрсеткіштен жоғары өсім Қостанай (121,2%), Қарағанды (121,9%) және Павлодар (122,6%) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (123,9%) байқалды.

Соңғы бірнеше жылдың динамикасы балмұздақ бағасының әрдайым бірқалыпты өспегенін көрсетеді. 2020–2021 жылдары бағаның өсу қарқыны салыстырмалы түрде қалыпты болып, индекстер тиісінше 109,4% және 109,5%-ды құрады. Алайда 2022 және 2023 жылдары баға күрт өсіп, көрсеткіш 122,5%-ға дейін жеткен.