Қарағандыда екі жолбарыс күшігі дүниеге келді
Қарағанды хайуанаттар бағында сирек кездесетін қуанышты оқиға тіркелді — амур жолбарыстары Мия мен Батырдың жұбынан екі жолбарыс күшігі туды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Күшіктер 30 сәуір күні дүниеге келген. Алайда осы уақытқа дейін хайуанаттар бағының қызметкерлері оларды келушілерге көрсетпеген. Мамандардың айтуынша, жаңа туған жануарларға анасының жанында болып, бейімделіп, денсаулығын нығайту үшін уақыт қажет болған.
Жұптан бір еркек және бір ұрғашы күшік туған. Бұл — Мия мен Батырдың екінші төлі.
Туған кезде күшіктердің салмағы небәрі 450 және 530 грамм болған. Хайуанаттар бағының мәліметінше, олар шала туғандықтан, алғашқы апталарда ветеринарлар мен мекеме қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстаған.
Қазіргі таңда күшіктер едәуір ширап қалған. Олардың салмағы екі келіден асып, белсенділігі артып, қоршаған ортаны біртіндеп танып-біле бастаған.
«Тамақтануы өте жақсы, өздерін де, аналары да тамаша сезінеді. Салмақ қосып, өсіп келеді, жүні де қалыңдап жатыр», — деді хайуанаттар бағының қызметкерлері.
Күшіктерді қолға алуға мүмкіндік болғанымен, олар уақыттарының басым бөлігін аналарының жанында өткізеді.
Амур жолбарысы — мысық тұқымдасының ең ірі әрі сирек кездесетін өкілдерінің бірі. Ол Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан әрбір жаңа төлдің дүниеге келуі осы түрдің популяциясын сақтауда маңызды оқиға саналады.
Жақын уақытта Қарағанды хайуанаттар бағының келушілері жолбарыс күшіктерін өз көздерімен көре алады. Ал әзірге олар бейімделу кезеңін жалғастырып жатыр.