АҚШ Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізді
АҚШ Мемлекеттік департаменті Иран ұйымдарына, жеке тұлғаларына және кемелеріне қатысты кезекті санкциялар пакетін енгізетінін мәлімдеді. Тиісті хабарлама ведомствоның ресми сайтында жарияланды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Санкция тізіміне 16 жаңа заңды тұлға, сегіз мұнай танкері және Үндістанның бір азаматы енгізілді. АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шаралар арқылы Иран билігінің мұнай және мұнай өнімдері саудасынан түсетін табысын қысқартуды көздеп отырғанын мәлімдеді.
Санкцияға іліккен, Иран мұнайын экспорттаумен айналысты делінген компаниялар Гонконгта, БАӘ-де, Катарда, Сингапурда, Үндістанда, Қытайда және Маршалл аралдарында тіркелген.
Сондай-ақ санкция салынған кемелер Палау, Маршалл және Комор аралдары, Панама, Сан-Марино және Камерун туларымен жүреді.
Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) бұл шаралар Иранның «көлеңкелі флотына» қарсы бағытталғанын атап өтті. АҚШ тарапының пікірінше, аталған флот Иран билігі мен әскери секторын қаржыландыруға көмектеседі.
Мемлекеттік департамент АҚШ-тың Иран мұнайы мен мұнай-химия өнімдерінің саудасына қатысатын жүк тасымалдаушылар мен трейдерлерге қарсы шараларды әрі қарай да жалғастыратынын ескертті.