Қаржы

Қазақстан мен Иран саудасындағы басты тауарлар белгілі болды

2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 430,2 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл 2024 жылғы 340,3 миллион доллардан жоғары болғанымен, өткен онжылдықтың ортасындағы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Ол кезде тауар айналымы 600 миллион доллардан асқан еді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Алайда 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі қайта қысқарды. Көрсеткіш 129,5 миллион доллардан 90,8 миллион долларға дейін төмендеп, 29,9 пайызға азайды.

Соңғы жылдары Қазақстанның Иранмен сауда балансы да тұрақсыз бола бастады. Егер 2015 жылы Қазақстан экспорты импорттан 8 еседен астам жоғары болса, кейін бұл айырмашылық тез қысқарған. 2023 және 2024 жылдары сауда сальдосы тіпті теріс көрсеткішке өтті: Ираннан импорт Қазақстанның бұл елге экспортынан асып түсті.

Мысалы, 2023 жылы Қазақстан Иранға небәрі 83,1 миллион доллардың тауарын экспорттап, ол жақтан 219,7 миллион доллардың өнімін импорттаған. Ал 2024 жылы экспорт көлемі 123,3 миллион долларды, импорт 217 миллион долларды құрады.

Тек 2025 жылдың қорытындысында ғана Қазақстан қайтадан оң сауда балансына шықты. Экспорт көлемі 239,3 миллион долларға жетіп, импорттан асып түсті. Ал импорт көлемі 191 миллион доллар болған. Дегенмен 2026 жылдың алғашқы үш айында экспорт пен импорт көлемі қайта теңесуге жақындады: экспорт — 46,2 миллион доллар, импорт — 44,6 миллион доллар.

Географиялық жақындық пен өңірдің көлік-транзиттік әлеуетіне қарамастан, Қазақстанның сыртқы саудасындағы Иранның үлесі әлі де өте төмен. 2025 жылдың қорытындысында Иран Қазақстанның жалпы тауар айналымының небәрі 0,3 пайызын құрады. Ал 2015–2016 жылдары бұл көрсеткіш 0,8–1 пайыз деңгейінде болған.

Әсіресе Иранның Қазақстан экспортындағы рөлі қатты төмендеген. Егер он жыл бұрын бұл елдің үлесі 1,5 пайызға дейін жетсе, қазір шамамен 0,3 пайыз ғана. Импортта өзгеріс аса қатты байқалмайды: соңғы жылдары Иранның Қазақстанға жеткізетін тауарлардағы үлесі 0,3–0,4 пайыз көлемінде сақталып келеді.

Осындай үрдіс Азия өңірі деңгейінде де байқалады. 2015 жылы Иран Қазақстанның ТМД-ға кірмейтін Азия елдерімен саудасының 3,5 пайызын құраған. Ал Қазақстанның Азия елдеріне экспортында Иранның үлесі 5 пайыздан асқан еді. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіштер тиісінше 0,8 пайыз бен 1 пайызға дейін төмендеді.

Сонымен қатар Азия елдерінен импорттағы Иранның үлесі айтарлықтай өзгерген жоқ. 2019–2021 жылдары 0,6–0,8 пайызға дейін азайғаннан кейін, кейінгі жылдары 0,7–0,9 пайыз шамасында сақталуда.

Қазақстанның Иранға экспорттайтын негізгі өнімі бұрынғыдай ауыл шаруашылығы тауарлары болып отыр. 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында ең ірі экспорттық тауар арпа болды. Оның көлемі 33 миллион долларды құрап, барлық экспорттың жартысынан астамын қамтыды.

Сонымен қатар Қазақстан Иранға жануар немесе өсімдік тектес майлар мен тоңмайларды (5,6 миллион доллар), бидайды (3,5 миллион доллар), тоқыма бұйымдарын (880,2 мың доллар) және күрішті (56 мың доллар) экспорттаған.

Осылайша, экспорт құрылымы әлі де тар бағытта қалып отыр және негізінен аграрлық өнімдер мен шикізат жеткізуге тәуелді.

Ал Ираннан импортталатын тауарлар түрі әлдеқайда әртүрлі. Биылғы жылдың алғашқы үш айында Қазақстан бұл елден негізінен сусындар (2,8 миллион доллар), бояулар мен лактар (1,7 миллион доллар), жуғыш заттар (877,6 мың доллар), цемент (617,9 мың доллар) және мұнай өнімдерін (605,6 мың доллар) сатып алған.